KZ
Өскемен
+4°
плотный туман жел 2 м/с, СБ
520.48 574.61 6.06

Үнемдеу технологиялары: ШҚО-да су ресурстарын тиімді пайдалану жүзеге асырылуда

4.04.2025, 11:15 354 Төлеуғазы Жансая

Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы саласында су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында ылғал үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жүргізілуде. Алайда аймақ басшысы өңірдің әлеуеттілігіне қарамастан салалық басқарма тарапынан “суармалы жер көлемі небәрі 7 мың га” деген ақпарды өзекті талқыға салды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Басқарма басшылығының айтуынша жол картасына сәйкес, 2025 жылы үнемдеу технологияларын қолдану арқылы суармалы жерлердің көлемін 24,3 мың гектарға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Бұл туралы ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен өткен арнайы жиында айтылды. Көзделген көлем қомақты болғанымен, 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш небәрі 7,1 мың гектарды құрап, жоспарланған меже алынбаған. Бұл ретте әсіресе Глубокое, Күршім, Тарбағатай және Шемонаиха аудандары жоспарды толық орындай алмағаны тілге тиек етілді.
Су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы топырақтың құнарлылығын арттырып, өнімділікті жоғарылатуға мүмкіндік бар екені мәлім. Сондықтан, аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қалалар мен аудандар әкімдіктеріне суармалы жерлерді айналымға енгізу бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

- Суармалы жер көлемі небәрі 7 мың га деп отырсыз (басқарма басшысына). Демек айтылып жатқан баяндамаларыңыздың барлығы түкке тұрғысыз! Жеті-ақ мың суармалы жер бар деген өңір әлеуетінің барынша пайдаланылмай отырғанының айғағы. Қаншама су қоймаларын күрделі жөндеуден өткізудеміз, Серебрянск қаласында жаңбырлатып суару машиналарын өндіретін кәсіпорын да жұмысын бастады. Осы мүмкіндіктердің басын біріктіріп, өнімді молынан алу үшін әрекет етуге не кедергі? - деп налыған Нұрымбет Аманұлы сала құзырлыларына бұл бағыттағы жұмыстарды шұғыл жандандыруды жүктеді.
- Біз 2025 жылы 24,3 мың гектарға дейінгі жерді су үнемдеу технологиясымен қамтуды көздеп отырмыз, - деп өз кезегінде мәлімдеді ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы міндетін атқарушы Дамир Мамиев.

Бүгінгі таңда 2025–2027 жылдарға арналған инвестициялық жобалар әзірленіп, Марқакөл, Самар, Ұлан, Шемонаиха, Тарбағатай және Глубокое аудандарында жалпы сомасы 12,2 млрд теңгеге 8,8 мың гектардан астам жерді қамтитын жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасалуда. Мысалы, Шемонаиха ауданындағы «NurAgroRain» ЖШС 950 гектарға, Самар ауданындағы «Талды-екпін» ЖШС 600 гектарға су үнемдеу технологияларын енгізуді жоспарлап отыр. Оның мәні - жергілікті кәсіпорын өндіретін жаңбырлатып суару машиналарын аталмыш алқаптарға орналастыру.
Аймақ басшысы ел экономикасы бүгінде мұнай саласына ғана арқа сүйеп отырғандығы әсте дұрыс емес екендігін, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық тірек салаларының бірі де бірегейі ауыл шаруашылығы болуына атсалысудың маңыздылығын алға тартты.

- Ауыл шаруашылығы саласы - еліміздің азық-түліктік қауіпсіздігі. Бұл салада мәселеден қашпау керек. Жауапкершілік алу талап етіледі. Әр аудан әкімдеріне осы бағытта инвестиция тартуды ұлғайтуды тапсырамын. Егіс науқаны алдында шаруашылықтардағы техника жағдайын қадағалап, тозғаны мен жаңартылғандарын түгендеу маңызды. Дәл осындай жиынды мезгілдік өзектілігіне байланысты екі аптада бір өткізіп тұрамыз және әр жиында 2-3 үш ауданның жағдайын егжей-тегжейлі қарайтын боламыз, - деп қорытты Нұрымбет Сақтағанов.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу