Орталық алаңдағы қираған дүние қайта қалпына келтіріледі – Риддер әкімдігі
Республика күні қарсаңында Риддер қаласында келбеті келіскен орталық алаң ашылды. Тозығы жеткен алаңға жөндеу жұмыстарының жүргізілуін риддерліктердің көптен күткені рас. Айтулы мереке күні мұнда жұмыстар толықтай аяқталып, музыкалық фонтан қосылды. Орталыққа тұрғындар да көп жиналыпты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Әлеуметтік желідегі парақшаларда жаңа нысанға тұрғындардың пікірі екіге бөлінгенін байқауға болады. Орталық алаңның дизайны дұрыс ойластырылмағанын, сапасы да көңіл көншітпейтінін, балалар ойнайтын арнайы орын қарастырылмағаны жайлы жазып жатқандар бар. Бірақ көпшілігі қаланың орталығына өң кіріп, жаңарып қалғанын айтып отыр.
Ал Республика күніне орай ұйымдастырылған мерекелік концерттен кейін жаңа нысанды біреулер бүлдіріп кетіпті. Жаңадан орнатылған жарық шамдарын сындырып, қоқыс шашып тастаған.
Қала әкімінің орынбасары Мұрат Байжүменов осыған қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, орталық алаңға 29 сыртқы бақылау камерасы орнатылған. Егер құқық бұзушылықтар тіркелсе, заңға сәйкес шаралар қабылданатын болады.