Зейнеткерлерге 5 проценттік ипотека беру шарты жарияланды
Жұмыс істейтін зейнеткерлер екі қосалқы қарыз алушыны көрсетсе, "5-10-20" бағдарламасымен баспана ала алады. Бұл туралы "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ орталық филиалының басшысы Жансұлтан Матаев мәлімдеді.
"Әкімдік кезегінде тұрған зейнеткерлер де "5-10-20" бағдарламасына қатыса алады. Бірақ осы санаттағы адамдардың табысы болуы шарт, яғни олар жұмыс істеуі тиіс. Сондай-ақ, екі қосалқы қарыз алушыны көрсетуі керек. Сонда 5 проценттік ипотекамен баспана алуға мүмкіндік беріледі", – деді Матаев Sputnik Қазақстан мультимедиялық баспасөз орталығында өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, бағдарламаның негізгі мақсаты – әкімдік кезегінде тұрған адамдарды баспанамен қамту. Бірақ еңбек қызметі немесе кәсіпкерлік қызмет арқылы табыс табу міндеті бар.
"Бұл – басты талап. Адам бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры арқылы табыс тауып жүргенін растауы тиіс. Зейнеткерлер осыны көрсете алмағандықтан, екі қосалқы қарыз алушыны тарту міндеті бар. Өйткені, зейнетақы табыс көзі болып саналмайды", – деп атап көрсетті Матаев.