Шығысқазақстандық дәрігерлер 25 аптада туған сәбиді аман алып қалды
Шығыс Қазақстан облысының неонаталдық қызметінің дәрігерлері салмағы 700 грамм болып шала туған нәрестенің өмірін сақтап қалды. Қазір анасы мен нәресте үйлеріне оралып, өздерін жақсы сезінуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Риддер қаласындағы "Қазцинк" өндірістік кешенінің жұмысшылары Владимир мен Анастасия Богдаевтар үшін бұл – үшінші бала. Кішкентай Александр 25-аптада шала туды, салмағы небәрі 740 грамм болды.
Аймақта шала туған нәрестелермен жұмыс істейтін Ана мен бала орталығының неонаталдық қызметі бар. Орталық реанимация бөлімімен, жасанды тыныс алу аппараттарымен және басқа да қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жағдайдың ауырлығына байланысты сәбиді шұғыл түрде Өскемен қаласына жеткізу шешімі қабылданды. Тасымалдауға "Қазцинк" компаниясы тікұшақпен көмектесті.
Сәби алғашқы күндерін реанимацияда өткізді. Дәрігерлер оның өмірі үшін күресті. Бастапқыда бала тыныс алу аппаратының көмегімен демалды, ал арнайы инкубатор температура мен ылғалдылықты тұрақты ұстап тұрды. Кейіннен нәрестені анасының жанына ауыстырды.
Анастасия мен ұлы ауруханада үш айдан астам уақыт болды. Қараша айының басында олар үйлеріне оралды. Қазір Сашаның салмағы 3,5 келі, бойы 50 сантиметр. Отбасына сәбиге күтім жасауға оның әпкесі мен ағасы көмектесуде. Ал дәрігерлер баланың денсаулығын бақылауды жалғастыруда.
Әлемде жыл сайын 17 қарашада Шала туған балалар күні атап өтіледі. Шығыс Қазақстан облысында 2024 жылдың 9 айында 6 285 сәби дүниеге келсе, олардың 322-сі мерзімінен бұрын туған. Бұл нәрестелердің шамамен отызының салмағы 500 граммнан 999 граммға дейін ғана болған.