Шар қаласында 5 тұрғын үй қолданысқа беріледі
![](/kz/uploads/posts/iblock/2e6/2e6d06902d5f7746a000160295860a0a.jpg)
ШҚО мәслихат хатшысы Владимир Головатюк Жарма ауданына жасаған сапары барысында Шар қаласының тыныс-тіршілігімен танысып қайтты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Ең алдымен ол қалалық ауруханада болды. Мұнда коронавирустың екінші толқынына қарсы тұру шараларына мән беріп, аурухананың жалпы жағдайымен және жылыту маусымына дайындығын назарға алды.
Облыс өкілі «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы аясында қалалық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстарымен таныса келе, атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалай отырып, аурухананың жақсы медициналық аппараттармен қамтамасыз етілгенін атап өтті.
Сондай-ақ, мәслихат хатшысын аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан жаңа тұрғын үйлердің және спорт кешенінің құрылыс барысымен таныстырды. Бұл екі пәтерлі бес тұрғын үй жақын уақытта қолданысқа берілмек. Одан бөлек, аудан басшысы қалаға жас мамандарды тұрақтандыру, әлеуметтік түрлі топтарға жататын азаматтарды баспанамен қамту бойынша басқа да жоспарларымен бөлісті.
Ал салынып жатқан сорт кешені қала тұрғындарының сұранысына сәйкес қолға алынғанын айта кеткен жөн. Жаңа нысан заман талабына сай барлық жаттығу залдарымен, әмбебеп үлкен ойын алаңымен жабдықталған.
Владимир Головатюк жалпы облыс әкімінің бұрынғы аудан орталықтарының әлеуетін көтеру жөніндегі тапсырмасы Жарма өңірінде жақсы өріс алып отырғандығын жеткізді.