KZ
Өскемен
-22°
пасмурно жел 2 м/с, Ю
522.42 543.89 5.28

ШҚО-да егін түсімі жылдағыдан екі есе төмен

17.09.2020, 10:50 189

Оған күн райының қолайсыздығы себеп дейді мамандар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көктемде ұзақ жатқан қалың қар күздік бидайдың біршамасын шірітіп жіберді. Одан кейін жаздағы қуаңшылық та кері әсерін тигізбей қоймады. Осылайша өлке қамбасына 250 мың тонна астық түспей қалғалы тұр. Сондықтан сарапшылар мұндай келеңсіздіктердің алдын алу үшін шаруаларға болашақта мейлінше жаңа технологияға көшуге кеңес береді.

Жер емген шаруалар үшін биылғы жаз оңай болмады. Ылғалдың аздығы талай диқанның ығырын шығарды. Фарид Абитаев – ауылшаруашылық саласын мықты меңгерген кәсіби мамандардың бірі. Тәжірибелік алаңда дәнді, майлы,бұршақты дақылдарын егеді. Әдетте рекордтық түсім алатын. Өткен жылы күздік бидайдың бір гектарынан 90 центнер алған. Жаздықтан 43 центнер жинапты. Ал биылғы қуаңшылық қамбаны ортайтты дейді ол.

- Қуаңшылық биыл ауыр тиіп тұрғаны рас. Жалпы қариялардың айтуынша, мұндай осыдан 46 жыл бұрын болған екен. Ол кездер біздің есімізде жоқ, дегенмен биыл сәуірдің 20-сынан бастап екі ай ішінде бар болғаны 21 милиметр ғана жауын шашын түсті. Орташа жылдық мөлшер бізде бұдан 3-4 есе жоғары болатын еді. Биылғы егін маусымы жайсыз өтті деуге болады. Дегенмен ол басқарып отырған шаруашылық үлкен шығынның алдын алып үлгеріпті. Алқапта ең соңғы үлгідегі техникалар жүр, - дейді агрохолдинга жетекшісі Фарид Абитаев.

Солардың бірі – астық жинайтын кең табанды бункер. Осы көліктің арқасында шаруалар егін алаңына үлкен жүк көліктерін кіргізбейтін болды. Өйткені жүк көліктің ізі қалған жерге егін аз шығады. Бұл бір қарағанда ұсақ нәрсе болып көрінгенімен, есептей келгенде көп-көрім шығынға ұшырататын дүние.

Амантай Садықов – шаруашылықта талай жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мықты механизатор. Сондықтан жаңа техниканы лезде игерген.. Амантай

- Бұл жинақтағышытар ең заманауи техникаға жатады. Егін алқабының бостан бос тапталып қалмауы үшін пайдасы зор. Басқа ауыр жүк көліктері керек емес. Оның үстіне ішінде қарапайым жұмысшы үшін барлығы қарастырылған.Түгелдей компьютермен басқарылады, - дейді механизатор Амантай Садықов.

Әзірге аталған егін алқабы орташа алғанда әр гектардан 28 центнер өнім алды. Ал облыс бойынша көрсеткіш бұл шамадан 2,5-3 есе төмен. Көптеген диқанның өткен күзгі еңбектері еш кетті. Өйткені көктемде қар тым ұзақ жатты. Сөйтіп астындағы егілген дәнді шірітіп жіберді. Дегенмен ауылшаруашылық мамандары облыста 650 мың тоннадай астық жиналады деп отыр. Ал өткен жылы 900 мың тонна болған еді.

- Әсіресе осыған дейін мол түсім алып келген шалғайдағы аудандар көп зардап шекті. Олардың қатарында Шемонайха, Глубокое,Алтай, Қатонқарағай өңірлері бар. Диқандар айтарлықтай шығынға ұшырады, - дейді облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Владимир Гайламазян.

Сондықтан жаңа технология игеру осындай кезеңде шығынды азайтудың жалғыз жолы дейді сарапшылар. Жалпы өлкеде қазір егінннің 70 проценті жинап алынды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу