Айыппұл 83 340 теңгеден 2 778 теңгеге дейін төмендеуі мүмкін - маска тағу
Қазақстанда маска тағу режимін бұзған жеке тұлғаларға салынатын айыппұл 83 340 теңгеден 2 778 теңгеге дейін төмендетілуі мүмкін, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов мәлімдеген.
– Мемлекеттік органдар «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасын қарастырып жатыр. Маска режимін бұзған үшін салынатын айыппұл 1 АЕК-ге дейін төмендеуі мүмкін, – деп жазды Жүрсінов Facebook-те.
Ал заңды тұлғаларға салынатын айыппұл сомасын қысқарту жоспарда жоқ. Бірақ тексерушілер маска режімі бұзылса, кәсіпкерді емес, клиенттің өзін жазалайды. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғаушы уәкіл тексеруші органдар кәсіпкердің, қызметкерлердің және тұтынушылардың жауапкершілігіндегі аражікті ажырата білуі тиіс екенін атап өтті.
– Егер кәсіпкер өз нысанында барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, медициналық маска мен қолғапты жеткілікті етіп дайындап, тұтынушылардан бетперде киюді талап етсе, мұндай кәсіпкер өз қызметкерлері мен тұтынушылардың бетперде режімін бұзғаны үшін жауап бермеуі тиіс, – деп жазды ол.
Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті бұл мәселеге байланысты мынадай жауап берген екен:
«Азаматтар бетперде кию режимін сақтамаған жағдайда әрбір бұзушылық фактісі жеке қаралады және тәртіп бұзған адамның өзі әкімшілік жауапкершілікке тартылады».
Комитеттің мәліметінше, бизнесмендер құқықтары бұзылған жағдайда өңірлік кәсіпкерлер палатасына, прокуратура органдарына және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аумақтық департаменттерімен бірлескен мобильдік топтарға жүгіне алады.
Айта кетейік, бұған дейін денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов 5 шілдеден бастап қоғамдық орындарда бетперде тақпаған 2,5 мыңнан астам қазақстандыққа айыппұл салынғанын мәлімдеді.