Өскеменде жалған "пропускпен" жүргендерді "Сергек" анықтап жатыр
«Сергек» камералары автокөліктердің нөмірін «оқып» қана қоймайды, кез келген уақытта олардың қайда жүргенін де анықтап береді. «Мысалы, камера арқылы жасыл рұқсаттама қағазы бар көліктердің өз маршрутымен жүрген-жүрмегенін біле аламыз», – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек.
Мәріпбек Шәкербек рұқсаттама қағазды жеке мақсатта пайдаланғандар мен жасанды құжатпен жүргендер ұсталғанын айтты.
– Рұқсаттаманы басқа мақсатта пайдаланған және жасанды рұқсаттама жасатқан кәсіпкерлердің рұқсаттамаларын құқық қорғау органдары жойды. Құқыққорғаушылар әкімшілік айыппұл да салғанын ескертті. Бұл ереже бұзғандарды анықтау ісі тоқтамайды. Сондықтан, кәсіпкерлерден жұмыстан тыс уақытта рұқсаттамасы бар көліктермен қала ішінде әрі-бері сенделуді доғаруды сұраймын. Карантин ережесіне қайшы келмейік, – деді ол.