Катонқарағайдың жастары халыққа тегін маска таратты
Катонқарағай ауылында "Біз біргеміз" акциясы аясында ауыл еріктілері коронавирустың таралуына жол бермеу және оның алдын алу мақсатында игілікті іс тындырды.
Атап айтсақ, ауыл тұрғыны, жергілікті округ әкімшілігінің бас маманы Әсел Мұқамбаева отбасымен бірге көпреттік 120 бетперде тігіп, оларды 20-ға тарта аз қамтылған отбасыға тегін таратып берді. Таратылған бетперделер медициналық бетперделерде қолданылатын талшықты матадан тігілген, оны тағып келгеннен кейін жуып-тазалап, бірнеше рет қолдануға болады.
-Мұндай маскаларды тігу аса бір қиын іс емес. Ғаламтордан қарап, әр адам өзіне дайындап алуына мүмкіндігі бар. Адам көп жиналатын орындарда, қоғамдық көлікте, сауда нүктелерінде осындай бетперделерді тағып жүру өміріңізге төнген қауіпті сәлде болса сейілтетіні анық,-дейді Ә.Мұқамбаева.
Сондай-ақ, осы күнгі қайырымдылық шарасына Әселмен бірге ауыл белсенділерінен құралған "Қолғанат" тобының мүшелері де үн қосып, жағдайы төмен отбасыларға 5 литрлік құтыдағы күнбағыс майынан табыстады.
Ерікті жастар елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде аянып қалмай, өзгелерге осылайша өз қолдауларын көрсетуде. Ауыл белсенділері әлемдік пандемия кезінде ауылдастарға қолдан келгенше жанашырлық таныту міндетіміз деп отыр. Мұндай шаралар алдағы уақытта да лайықты жалғасын табады деген сенімдеміз.
Тимур Смағұлов