«Торпедо» өзбектерден жеңіліп қалды
«Торпедо» 2020 жылды жеңіліспен бастады. Жаңа жылдың алғашқы ойынында Ташкентте жергілікті «Хумо» хоккейшілерімен шеберлік байқасқан жерлестеріміз қарсыласына 1:2 есебімен жол берді.
Бұл өскемендік ұжымның жаңа маусымдағы 20-шы жеңілісі болды. Бүгінге дейін «Торпедо» Жоғары хоккей лигасының тұрақты чемпионаты аясында тура 40 ойын өткізгенін ескерсек, біздің команда екі кездесудің бірінде жеңіліс табады деген сөз. Өзбекстан астанасында өткен кездесуде де жерлестеріміз қарсыластарына бәлендей қауқар көрсете алмады. Бұл сөзімізге қарсыластардың бір-бірінің қақпасына қарай бағыттаған соққыларының саны дәлел бола алады. Бүкіл ойын бойы өскемендік хоккейшілер ташкенттік команда қақпасына небары 15 соққы бағыттаған-ды. Есесіне, айдын иелерінің еншісіне 30 дәл соққы жазылды. Аталған ойындағы «Торпедоның» жалғыз шайбасын шабуылшы Артем Лихотников соқты. Осы ретте Лихотников соңғы рет 2019 жылдың 13 қыркүйегінде көзге түскенін, демек тәжірибелі шабуылшының қанжығасы 29 ойын бойы майланбай келген айту керек.
Қазір қоржынында 46 ұпайы бар өскемендік ұжым турнир кестесінің тоғызыншы орынын місе тұтуда.
Келесі кездесуін Алексей Ждахин шәкірттері ертең кешке қонақта воскресенскілік «Химикпен» өткізеді.