Өскемендік жастар ғасыр жасаған майдангерге үй шаруасына көмектесті (видео)
«AMANAT» партиясы аға буын өкілдеріне қамқорлық жасау мақсатында 2014 жылдан бері «Ардагерлерді ардақтайық» жобасын жүзеге асырып келеді. Осы уақыт аралығында елімізде соғыс және тыл, еңбек ардагерлерін қолдауға бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сондай игі шаруалардың бірі деп партия жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты өкілдерінің жалғызбасты қарияларға үй аумақтарын тазартуға көмектесуін айтуға болады. Белсенділер жеке тұрғын үй секторында тұратын ардагерлердің аулаларын қардан тазартып қана қоймай, үй шаруашылығына да қолғабыс етеді.
Бүгін сондай көмекке Өскемен қаласында тұратын Анастасия Светочева ие болды. Былтырғы қараша айында 102-ге аяқ басқан кейуананың үйіне бір топ белсенді жас келіп, үйдің есік алды мен шатырын қардан тазартып берді. Сөйтті де, әжейдің ақ батасын алды. Жастармен бірге ғасыр жасаған Анастасия Павловнаға қонаққа АMANAT партиясы облыстық филиалының төрағасы Cайрангүл Жұмаділова да барып, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерін келе жатқан Жеңіс мейрамымен құттықтады.
Ешкім де назардан тыс қалмақ емес.
Ал енді бұл күні ерекше қошеметке бөленген ардагер туралы аз-кем сөз саптағанымыз жөн болар. Анастасия Павловна Светочева 1922 жылы 11 қарашада Күршім ауданында көпбалалы отбасында дүниеге келген. 16 жасында Ленинградқа аттанып, сондағы Тоқыма институтына түскен жас қыз жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін қаланың әуе шабуылына қарсы қорғанысына қатысты. Артынша Қызыл әскер құрамында Еуропаның ондаған қаласын азат етіп, Жеңісті Берлинде қарсы алған.
Анастасия Павловна «Ленинградты қорғағаны үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» және I дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені сияқты көптеген наградалармен марапатталған. Соғыстан кейін Қазақстанға оралып, 1953 жылы Өскемен қалалық депутаттар Кеңесіне сайланған-ды.
Нұржан Кенжеұлы
Фото/видео: Ермек Жиенбеков