Қазақстанда 12,1 млн га жер мемлекетке қайтарылды
pixabay.com
Соңғы үш жылда Қазақстанда пайдаланылмаған немесе заңнаманы бұза отырып берілген 12,1 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының жерді қайтару жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылды,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР АШМ сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы өзінің 2022 жылғы қыркүйектегі Жолдауында 10 млн га пайдаланылмаған немесе заңнаманы бұза отырып берілген жерлерді қайтару міндетін қойды. Мемлекеттік қорға 12,1 млн га жер қайтарылды. 9,4 млн га алаңда 4 731 жоспардан тыс тексеру жүргізілді.
Жердің деградациясын азайту мәселесі де маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Бүгінде 30 млн гектар жер эрозия және басқа да жағымсыз процестерден зардап шеккен. Осыған байланысты топырақ сапасын зерттеу және қорғау мақсатында арнайы топырақ кластерлік қызметі құрылды.
Сондай-ақ 205 млн гектар аумақта цифрлық ауыл шаруашылығы карталары дайындалды, ал 2024 жылы топырақты қорғау туралы жаңа заң жобасы Парламентке ұсынылды. Бұл заң жер сапасын сақтау және оның тозуын болдырмау жөніндегі мемлекеттік саясаттың негіздерін айқындайды.
Алдағы уақытта жер ресурстарын ұтымды пайдалану, жердің деградациясын болдырмау, инновациялық технологияларды енгізу және халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытында жұмыстар жалғасады.