KZ
Өскемен
-7°
небольшой снег жел 6 м/с, ОШ
516.85 537.68 5.26

Өскеменде ерекше балаларға арналған құм терапиясы кабинеті істеп тұр (видео)

28.01.2025, 17:30 258 Төлеуғазы Жансая

Өскемендегі ерекше балаларға арналған балабақшалардың бірінде құм терапиясы кабинеті жұмыс істеп тұр. Ашылғанына көп бола қоймаса да, жаңа кабинеттің пайдасын сезініп үлгергендер аз емес, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.
Осыдан біраз бұрын облыс орталығындағы «Мархабат» коррекциялық балабақшасында балаларды құммен емдейтін кабинет жұмысын бастаған болатын. Бұл кабинетті жергілікті ата-аналардың бірі ашқан. Ол үшін мемлекеттен грант алған.

– Мен де ерекше баланың анасымын. Ұлымның осы оңалту орталығына келіп жүргеніне екі жылдың жүзі болды. Жалпы, мен сияқты ата-аналарға аутизм спектрінің бұзылыстары бар балалардың дамып, білім алуы өте маңызды. Сондықтан өз басым балалардың дамуына көмектесетін, жалпы жағдайын жақсартып, күйзелісін азайтатын әдістерді зерттеп, оларды меңгеруге тырысып жүрмін. Осы себепті, мен «Еңбек» бағдарламасының грантына қатысу жөнінде шешім қабылдадым. Бұл ойым жүзеге асып, грант иегері атандым, – дейді балабақшадағы құм терапиясы кабинетін ашқан Юлия Кизилова.

Оның айтуынша, жаңа кабинетте жергілікті балалармен құм терапиясы сабақтары өткізіледі. Бұл сабақтарға психикалық және сөйлеу дамуының кешеуілдеуі бар балалар қатысады. Юлия Кизилова әзірге сабақтарды өзі жүргізіп жүргенін айтады. Ол сонымен қатар, тәжірибелі психологтан білім алып жүр екен. Өйткені, әр балаға жеке тәсіл қажет, дейді ол.

– Ерекше баланың анасы болғандықтан, бұл істі жақсы атқарып жүрмін деп ойлаймын. Сонымен қатар, гидромассаж кабинетім де бар. Жалпы, бұл орталықта екі жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін. Әзірге сабақтарыма жеті бала қатысып жүр, – дейді кәсіпкер Ю.Кизилова.

Балабақшада жаңа кабинеттің ашылғанына ата-аналар да риза. Сондай ананың бірі Назгүл Мұстафинаның айтуынша, мұндай кабинеттер баланың емін-еркін өсіп, жан-жақты дамуына жол ашады.

– Қызым бұл жерге келгелі бері, көп өзгеріс байқадым. Әрине, жақсы өзгерістер. Бұрын балам көп нәрседен, бөтен дыбыстардан қорқатын. Үйден шыққысы келмейтін. Қазір жағдай өзгерді. Қызым басқа балалармен тіл табысып, қоғамға бейімделе бастады. Ойындар ойнайды. Мұндағы түрлі мамандардың көмегіне жүгінеміз. Оның ішінде құм терапиясы да бар. Негізі, құм терапиясының баланың денсаулығына әсері зор деп есептеймін. Мәселен, ұсақ қол моторикасы дамиды, – дейді Н.Мұстафина.

Жалпы, соңғы жылдары дәл осындай тың бағыттарға түрең салып, кәсібін дөңгелетіп әкеткендер аз емес. Мұны облыстық еңбек ұтқырлығы орталығының директоры Арайлым Есімбекова да айтты.

– Осыдан 4-5 жыл бұрын халық негізінен мал шаруашылығын дамытуға грант алса, қазір осындай жаңа бағыттарға ден қоя бастады. Ерекше балалардың ата-аналары тарапынан да дәл осындай бизнес-жобалар ұсыныла бастады. Бұл – әрине, қуантарлық жайт. Негізі, қоғамдағы осындай мәселелерге бейжай қарамай, мұқтаж жандарға көмек көрсетуге құлшынған азаматтарға біз әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз, – дейді Арайлым Есімбекова.

Айта кетейік, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға бағытталған гранттар халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы адамдарға конкурстық негізде 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін беріледі екен. Бұл санатқа атаулы әлеуметтік көмек алушылар, бірге тұратын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар отбасылар, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған адамдар және олардың жұбайлары кіреді.
Белгілі болғандай, ағымдағы жылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 216 мемлекеттік грант беру жоспарланған. Грантқа үміткерлер электрондық еңбек биржасының business.enbek.kz порталында өз бетімен электрондық сандық қолтаңбасымен куәландыру арқылы өтініш бере алады.

Нұржан Кенжеұлы

Фото/видео: Ермек Жиенбеков

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу