Өскеменде автобустар бір сағат бойы бөгеліп тұрды
Бажов көшесін кесе көлденеңдеп тұрып алған алып фура көлік қозғалысын бір сағат бөгеді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісін.
Жүргізуші рульге ие бола алмай, жолдан «ұшып» кеткен. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, көлік иесі күн райының қолайсыздығын қаперге алмаған. Осының салдарынан өзге көліктер мен автобустар «Самал» дүкенінің алдында бір сағат бойы бөгеліп тұрды. Жолаушылар кейбірі қоғамдық көліктен түсіп, жаяу-жалпы кетуге мәжбүр болды.
– 30 жастағы жүргізуші жолдағы метеорлогиялық қолайсыз жағдайды ескермеген. Сол себепті оған қатысты 620 баптың 1-бөлімі бойынша хаттама толтырылды, – деп мәлімдеді Полиция басқармасының баспасөз қызметі.