Семейлік кикбоксшылар Қазақстан кубогы үшін жарыстан олжалы оралды
Петропавлда кикбокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Азамат Нұрпейісовті еске алуға арналған Қазақстан кубогы үшін жарыс мәресіне жетті.
Аталмыш додаға республиканың облыстары мен қалаларынан 100-ден астам спортшы қатысты. Арасында Семейден барған кикбоксшылар да болды.
Дәлірек айтсақ, жарыста семейлік бапкер Қайрат Смағұловтың үш шәкірті өнер көрсетіп, үшеуі де жүлделі орыннан көрінді. Мәселен, фулл-контакт бәсекесінде Серікбол Ермаков (60 келіге дейінгі салмақ) топ жарса, К-1 санатында Қанағат Нұрғалиевке (71 келі) тең келер ешкім болмады. Тағы бір жүлде К-1 сайысында сынға түскен Евгений Суринның (К-1, күміс медаль) еншісіне жазылды.
Тағы бір атап өтер жайт, турнир қорытындысы бойынша жерлестерімізді бастап апарған Қайрат Смағұловқа ұйымдастырушылар атынан «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісі берілді.