Өскемендік оқырмандар жас ақындармен жүздесті
Өскеменде жас ақындар оқырмандармен жүздесті. Өлең өлкесіне аяқ басқан үш өреннің «Қара өлең, қасқа бұлағым...» атты тың форматтағы кездесу кеші тосын сұрақтарға да толы болды.
Үш жас ақын туралы аз-кем айта кету ләзім. Олардың біріншісі – Алтынғадыс Күнтуғанұлы, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша білім алады. Әлішер Әлімжанов – Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің 4-курс студенті. Ал Оразай Жеңісұлы – С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін журналистика мамандығымен алдағы жылы тәмамдайды. Ол сондай-ақ облыстық «Дидар» газетінің тілшісі.
Үшеуі де халықаралық, республикалық, облыстық мүшәйралардың жүлдегері. Үшеуі де белгілі ақын Серік Ғабдуллин негізін қалап кеткен қалалық «Шабыт» ақындар мектебінің мүшесі.
Айтқанымыздай, А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада өткен кеш ерекше форматта болды. «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда», «Тосын сұрақ», «Қонақкәде» айдарлары нелер қызық сәттерге толы еді. Әсіресе кеш жүргізушісі Гүлбаршын Тілегенқызының «тосын сұрақтары» жас ақындарды аз әбігерге салған жоқ. Өйткені сөз тізгінін ұстаған өрендер бұл кезеңде логикалық жүйріктік танытуы тиіс еді.
«Қонақкәденің» қызығы бір төбе. Әуелі айта кетейік, кешті тамашалауға келген оқырман қауымның өзі басты кейіпкерлермен құрбылас еді. Сондықтан болар, кеш барысы емен-жарқын әңгімемен өрілген-ді. Соңғы кезеңде жырға жаны құмар қыз-жігіттер кезек-кезек орындарынан тұрып, «анау өлеңіңізді оқысаңыз», «мынау өлеңіңізді өз аузыңыздан тыңдасақ» деп жас ақындарды қолқалаумен болды. Оқырманның тілегін әсте жерге тастамайтын жас қаламгерлер жүрекжарды жырларын жатқа оқып, көпшіліктің көзайымына айналды.
– Өз қатарластарымыздың біздің өлеңдерді жатқа оқитындығы, жақсы көретіндігі бізді қанаттандырады. Олардың кешке топталып келгендігі – қара басымызға емес, қара өлеңге деген құрмет деп білеміз. Шаттанып, шабыттанып қайтып барамыз, – дейді жас ақындар.
– Замандастарымыздың жетістіктері бізге де мәртебе. Олар жас болса да, өз соқпақтарын тауып үлгерген ақындар деп ойлаймын. Алтынғадыстың «ECLAT» атты өлеңі, Әлішердің «Шағын қаласы», Оразайдың «Жеңгесі» жастардың думанды жиындардА жатқа оқитын сүйікті жырларына айналғандығы осынының айғағы, – дейді «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 4-курс студенті Аяулым Шәріпжанова