KZ
Өскемен
-17°
туман жел 1 м/с, СБ
518.14 537.57 5.27

"УЗИ" іспетті. ШҚО-ға ағаштардың ауыруын анықтайтын аспап алып берді

25.11.2019, 11:21 129

 

Алтайдағы ағаштардың ауыруын "УЗИ" арқылы анықтауға болады, деп хабарлайды Аltaynews тілшісі.

Ағаштың «УЗИ-і»

– Сіздерде самырсынды орман қалың. Әсіресе, Алтайдың батысында. Осы самырсынға қатысты мамандардың арасында қарама қайшылықтар бар. Мәселен, орман пайдаланушылары «самырсындардың көбінің діңі шірік, кесу керек» дейді. Ал орман қорғау мекемелері шіріктер белгілі пайыздан аспайтынын айтады. Көктемде тәжірибе алмасу мақсатында Финляндияға барғанбыз. Резистограф аспабын сол сапарда көрдік. Осы таяуда оны арнайы тапсырыспен алғыздық. Енді самырсынға қатысты дауды осы құрылғымен шешеміз, – дейді Біріккен Ұлттар Ұйымы даму бағдарламасының ұлттық менеджері Талғат Келтешов.

– Бұл құрылғының өзі ағаштан жасалған. Ортасындағы жіңішке темір самырсынның ішіне жарықшақтар арқылы бұралып кіре береді. Суырғанда да ешқандай зақым келтірмей, бұралып қайта шығады. Бұл – орманның санитарлық ахуалын бақылап, ағаштарды шаппай-ақ қандай ауыруы барын, діңі шіріген-шірімегенін анықтауға таптырмайтын құрылғы. Бір айта кетерлігі 0-ден жоғары градуста ғана жұмыс істейді. Қазақстанда бір ғана данасы бар. Бағасы өте қымбат. Бес адам осы құрылғыны пайдалану үшін арнайы курстан өтіп, сертификат алып келдік, – деді бізді резистораф аспабымен таныстырған Қазақ орман шаруашылығы және агроорман мелиорация ғылыми-зерттеу институтының Шығыстағы филиалының директоры Андрей Калачев.

Маманның айтуынша, резистограф ағаштың «УЗИ-і» іспетті.

10 шақты барыс қалған

Біріккен Ұлттар Ұйымы даму бағдарламасының өкілдері Шығыстың орманшыларына резистографтан бөлек бес УАЗ «Патриот» көлігі мен 75 фототұзақ табыстады. Көліктердің екеуі Катоноқарағай ұлттық паркіне, қалғандары Марқакөл, Батыс Алтай табиғи ұлттық парктері мен Пихтовской орман шаруашылығына берілді. Ал фототұзақтар Катонқарағай, Тарбағатай ұлттық парктері мен Зайсан аңшылық шаруашылық мекемесіне табысталды..

– Соңғы кезде Алтайда он шақты ғана қар барысы қалды деген пікір айтылып жүр. Оның себебі қоректік базасы, яғни тауешкінің саны кемуіне байланысты. Мұны нақтылы зерттеген ешкім жоқ. Болашақта мониторинг жасау үшін фототұзақтар орнатып жатырмыз. Сондай-ақ браконьерлермен күресуге келгенде табиғатты қорғау мекемелерінің шамасы жетпей жатады. Оларға көмек ретінде биыл жазда 108 рация алып бердік, – деді Талғат Келтешов. Оның айтуынша, Қаңтар айында Риддер орман шаруашылығы мекемесіне өрт сөндіретін мәшине беріледі.

Марқакөл ұлттық саябағының директоры Тимур Қалымжанұлы моторлы қайықтардың де аса қажет екенін айтады.

– Бүгін қуанышты күн, әрине. Техника алып беріп, көмектесіп жатқан Біріккен Ұлттар Ұйымы даму бағдарламасына зор алғыс. Бұл ұжым табиғатты қорғау, жануарлар өсімін молайтуда көп еңбек сіңіріп жатыр. Келесі жылы да арадағы жоба жалғасын табатынына сенеміз. Айта кету керек, осы жоба аясында біз моторлы екі қайық алсақ дейміз, – деді ол.

Айта кетейік, жуықта Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Марқакөлде браконьерліктің өршіп тұрғанын айтып, оны тоқтату үшін «ускуч» балығын сатуға заңнамалық деңгейде тыйым салынатынын мәлімдеген болатын.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу