Лондонда Абай шығармаларының сирек қоры және археологиялық жәдігерлер таныстырылады
Облыста ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын өткізудің тұжырымдамасы мен жоспары жасалған, онда ақсақалдардың, ғалымдар мен абайтанушылардың ұсыныстары ескерілген. Барлығы 560 іс-шара жоспарланған, оның ішінде Ұлыбритания, Ресей, Түркия, Польша мен Қытай секілді мемлекеттерде өтетін 24 халықаралық іс-шара, 21 республикалық, 515 облыстық деңгейдегі іс-шара бар. Аймақтық «Рухани жаңғыру» бағдарламасына ұлы ақын, ойшылдың әлемге әйгілі мұрасын зерттеуге, оны жас ұрпақ тәрбиесіне қолдануға бағытталған бірқатар жүйелі жобалар енгізілген.
Биылғы жылдың соңында ғалымдар мен ғылыми-зерттеу институттарының қатысуымен облыстағы мектептер мен колледждерге арналған «Абайтану» курсы бойынша авторлық аймақтық бағдарлама мен оқу-әдістемелік кешенін әзірлеу аяқталады. Бұл элективті курсты 2020 жылдың қаңтарынан бастап мектептердің 5-8 сыныбына және екі педагогикалық колледж бағдарламасына енгізу көзделіп отыр. Ал жаңа оқу жылынан бастап 277 толық кешенді мектеп пен екі мамандандырылған колледжде «Абайтану» кабинеті ашылмақ.
Мұнымен қатар 2019 жылдың қарашасында жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының абайтанушы ғалымдарының қатысуымен 280 мұғалім арнайы курстан өтеді.
2020 жылдың сәуірінде Абай шығармаларын насихаттаудың тиімді IT-шешімдерін іздеу бойынша мектеп оқушылары мен колледж, ЖОО студенттеріне арналған облыстық IT-хакатон өтеді.
Білім беруде Абай шығармалары бойынша сынып сағаттарын, танымдық лекциялар, олимпиадалар мен диктанттар жазуға ерекше мән беріліп отыр. Аталған іс-шаралардың жеңімпаздары Жидебай-Бөрілі, Ақшоқы тарихи кешеніне, Абай, Әуезов, Достоевский музейіне экспедициялар мен туристік саяхаттарға бару құрметіне ие болады. Осынау іс-шаралармен оқушылар мен студенттер контингентін 100 пайыз қамту жоспарлануда, бұл, шамамен, 225 мың адам.
2020 жылдың тамызында Өскемендегі №46 орта мектептің базасында дарынды балаларға арналған Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия ашылады. Абай ауданындағы Қарауыл ауылында 300 орындық жалпы білім беретін орта мектеп ашу да жоспарда бар.
Мәдениет саласында Кембридж университетімен (Ұлыбритания) үш ай көлемінде (26 мамыр – 16 тамыз, 2020ж.) «Ұлы даланың алтыны» атты көшпелі археологиялық көрме өткізу туралы келісімге қол жеткізілді. Бұл көрмеде алдағы жылды қосқанда 5 жыл бойы археология саласындағы жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының кешенді бағдарламасының нәтижесі жинақталған. Бұл көрменің бір ірі бөлімі – «Ұлы даланың ұлы ұлдары» атты әдеби-көркем экспозициясы болмақ, бұл бөлімде сирек кездесетін қор, оның ішінде латын тіліндегі жазбалар, Абай шығармалары қойылмақ.
Тамыз айында әйгілі шетелдік және отандық қылқалам шеберлерінің қатысуымен «Абай – ұлы ойшыл» тақырыбында суретшілердің дәстүрлі халықаралық пленэрін, классикалық музыка орындаушыларының халықаралық «Ақ Ертіс» конкурсын өткізу де көзделіп отыр.
Аймақтың әдеби мұрасын паш етіп, жазушылар мен ақындардың шығармашылық әлеуетін ашатын «Абай әлемі» сериясы бойынша кітаптар шығару да жалғасын таппақ.
Абай мұрасын, Абай шығармашылығын тереңдете оқыту үшін, сондай-ақ ғылыми еңбектерді, фотоальбомдар мен музей катологтарын терең зерттеу жұмыстарын жалғастыру үшін арнайы ғылыми бағдарлама әзірлеу қарастырылуда.
– Осынау мерейтойлық іс-шаралар кешенінің негізгі мақсаты – Абай мұрасының философиялық және шығармашылығының қырларын ашып, әлемдік қауымдастыққа гуманизм мен ашықтықты, достық пен жасампаздықты паш ету, – деп атап көрсетті облыс әкімі бүгін астанада өткен брифингте.