Қой өсіру соңғы жылдары тиімсіз бола бастаған. Неге?
ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сенсек, 2010 жылы аймақтағы қой мен ешкінің саны 2 288 988 бас болған екен. Ал биылғы жылдың бірінші қазанындағы жағдайға сүйенсек, аталған түлік саны 1 932 672 басты құраған, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Иә, он жыл ішінде көрсеткіш 356 316 басқа кеміген. Себеп неде дейсіз бе? Себеп - ұсақ мал асыраудың соңғы жылдары тиімсіз бола бастауы. Осы іске ден қойған шаруалар бес қойдың жеген жем-шөбімен бір сиыр асырауға жететінін айтады. Бес қойдың еті ары кеткенде 175 мың теңге шығарса, бір сиырдың еті 250 мың теңгеден асып жығылады дейді олар.
Жалпы, қой шаруашылығы өнімділігінің соңғы 30 жыл төңірегінде төмендеп кеткені рас. Ғаламтор беттеріндегі мәліметтерге сенсек, 1990 жылы елімізде 284 мың тонна қой еті өндірілсе, соңғы бес жыл көлемінде бұл көрсеткіш 150-170 мың тоннаның төңірегінде. Аталмыш көрсеткішті 18 млн. тұрғынға шағатын болсақ, Қазақстанда өндірілетін қой еті ішкі сұраныстан артылмай тұрғанын аңдау қиын емес. Осыдан-ақ қой шаруашылығы экспортқа соны серпін бермейтінін түсіне беруге болады.
– Қазіргі уақытта қой малының тұқымын асылдандыру үшін жергілікті шаруашылық жетекшілері етті-майлы бағыттағы қой малын сатып алуға, яғни өнімділігі етті бағыттағы қазақтың қылшық жүнді және құйрықты жартылай қылшық жүнді асыл тұқымды қойларын көптеп өсіруге ден қойып отыр. Қойдың мұндай түрлері облыстағы барлық асыл тұқымды қой санының 85 пайызын құрайды, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ербол Қуанышев.