Шымкент маңында құлдықта болған семейлік ер адам туған қаласына қайтуды армандайды
47 жастағы Юрий Смирнов Шымкент маңындағы Беловодное ауылында 1,5 жыл бойы құлдыққа болғанын айтты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасай отырып.
Юрий – Семей қаласының тумасы. Балалар үйінің тәрбиеленушісі. Туған-туысы, жақыны, отбасы да жоқ. Кейін Алматы қаласына көшіп, жекеменшік фирмаға дәнекерлеуші болып жұмысқа тұрады. Бір күні клиенттері оған қосымша ақы ұсынып, қоршау орнатып беруді сұраған. Алайда барған бетте олар Юрийдің құжаттары мен телефонын тартып алып, өзін құлдыққа салып қойған. Амалы қалмаған ер адам қорада тұрып, қой бағуға мәжбүр болады. Қожайындарының үйіндегі түрлі шаруаларды да атқаратын. Ішкен асы – қант қосылған кеспе. Кез келген болар-болмас себеп үшін оны соққыға жығып, таяқтың астына алады екен. 2017 жылы қашып кетпесін деген оймен, тіпті, сүйменмен соғып, аяғын да сындырыпты.
Құлдықтан қашуға Юрий үш рет талпынған. Бірақ үнемі қолға түсіп қалатын. Әйтеуір, бірде жолы болып, құлдық мекеннен босап шығыпты.
- Аяғым сынған соң мені ауруханаға алып келген. Ем қабылдаған соң, мені жіберуді өтіндім. Олар маған терезені ашып берді. Ота жасайтын зал арқылы шығып, кетіп қалдым, - дейді ол.
Қалаға жету үшін Юрий жолды үш апта жаяу жүріп өткен. Құлдықтан жанын аман алып шыққан ер адам әлеуметтік бейімдеу орталығы мен полицияның көмегінен бас тартып отыр. Оның ендігі арманы – туған қаласы Семейге қайта оралу.