Өскеменде «Егемен Қазақстанның» мерейтойына орай олимпиада өтті
Өскеменде «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдық мерейтойына орай студенттер арасында олимпиада өтті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
«Ұлттық басылым – ұлттық тіл» атты жарыста бес команда бақ сынады. Семейден «Руханият» және «Достар» командалары келген еді. Сондай-ақ С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Алтай Ақпарат», Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің «Көк Түрік», Қазақ-Американ еркін университетінің «Ұшқын» командалары қатысты.
Студенттер арасындағы сайыс қызықты төрт кезеңнен тұрды. Болашақ мамандар сюжет жасады, смартфон арқылы тест шешті, табан астында тың ой-толғау жаза білді.
Олимпиада қортындысы бойынша, «Алтай Ақпарат» командасы жеңіске жетті.
– Бұл топтың үлкен дайындықпен келгені көрініп тұр. Барлық кезеңнен тиянақты, ұқыпты өте білді. Ел ертеңіне үміт болатын болашақ ділмар тілшілер екенін байқатты, – деп пікір білдірді «Егемен Қазақстан» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Азамат Қасым.
Бірінші орынды тағы бір өскемендік команда «Ұшқын» еншіледі. Екінші орын «Руханиятқа», үшінші орын «Достарға» бұйырды.
– Біз осы құраммен бірнеше республикалық олимпиадаларға қатыстық. Жүлделі орындарға да қол жеткіздік. Алайда университет атынан түскен додада гран-приге иелік етсек деген тілегіміз бар еді. 4-курсты тәмамдауға таяғанда, бұл арманымызға да қол жеткіздік, – дейді «Алтай Ақпараттың» жастары.