Өскемендік оқушы өсімдік тұқымын жетілдіретін дәрі ойлап тапты
Өскемен қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 «С» сынып оқушысы Аяулым Сейітқамзина тұқымдарды жетілдіретін органоминералды дәрі-дәрмек ойлап тауып, оған патент алды.
Оқушы өз жұмысын биология ғылымдарының докторы Александр Воробьев пен ұстазы Алма Тұңғышпаеваның жетекшілігімен жүзеге асырған.
- Жобалық жұмыстың басты мақсаты тұқымның өнгіштігі мен өсімдік өнімдерінің молынан болуына негізделген. Ойлап табылған өсім симуляторы экологиялық тұрғыда таза, әрі құны да арзан шығады, - дейді Алма Тұңғышпаева.
Жаңадан ойлап табылған дәрі сұйық Saccharomyces cerevisiae ашытқысы, автолизаты және бентонит гелінен дайындалады. Ұсынылып отырған органикалық минералды дәрі өсімталдыққа ғана емес, тұқым сапасын да арттырады.
- Дәрі тұқымның айналасына бекініп, ылғалды ортада ісінеді. Микро және макро элементтердің алмасуына ықпалы етіп, топырақтағы ауыр металдарды өзіне сіңіреді. Ал металдар өсімдікке тимеуі керек, - дейді Аяулым Сейітқамзина.
Жас ғалым өзінің зерттеу жұмыстарын мектеп қабырғасынан соң, университеттік деңгейге көтеріп, дамыта беруді көздейді. Зияткерлік меншік иесінің бұл салада жетістігі мол болатынына ұстаздары да сеніммен қарайды.