ШҚО-да саяхатшылар клубы ашылды
ШҚО-ның Семей қаласында саяхатшылар клубы ұйымдастырылды. Бұл клуб туған өлкесін аралып, саяхат жасауға ниетті шығысқазақстандықтар үшін тамаша мүмкіндік болып табылады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Катонқарағай, Күршім, Зайсан жерінің сұлу табиғатын тамашалап, Берелдің тарих тұнған қорғандарын Ақбауырдың петроглифтерін көріп, Аблайкит қамалын аралап қайтуды қалайсыз ба?
Ендеше «Togas Trevel Club» саяхатшылар клубы сізге арналған.
Клубтың жетекшісі Сымбат Рамазановтың айтуынша, аймақта саяхатшыларға арналған бірлестіктер жоқ.
- Мұны мен туристік компаниялармен, денешынықтыру және спорт бөлімінің мамандарымен Семей қаласында ішкі туризмді дамыту бойынша бірлескен жұмыс барысында байқадым. Туристік компания базасында саяхташылар клубын ашу идеясы осылай туындады, - дейді ол.
Клубтың өзіне келетін болсақ, оған 15 жасқа толған кез-келген адам мүше бола алады екен.
- 15 жаста адамның білімі мен икемі саяхатқа, экскурсияларға шығу үшін жеткілікті деген ойдамыз. Қазіргі уақытта клубқа 12 адам кіріп отыр. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, кәсіпкерлер, студенттер, қаржы мамандары, экскурсия жетешкілері мен ұйым басшылары бар, - дейді Сымбат Рамазанов.
Клуб мүшелері қызықты саяхат бағыттары ұйымдастырылады. Мәселен, облыстың аудандарын, есте қалатын тарихи орындарды аралайды екен. Осы жаз мезгілінде семейлік саяхатшылар Шығыс Қазақстанның бес ауданы мен бір қаласына барып қайтқан: Күршім, Зайсан, Абай, Шемонаиха, Ұлан аудандары мен Риддер қаласы.
Күршім ауданында олар Қиын-Керіш жазығын аралып, Барақ батыр ескерткішін, аудандық өлкетану мұражайын көріп қайтыпты. Зайсан ауданындағы Шекелмес пен Зайсан көліне жасалған саяхат да қызықты өткен. Абай ауданына барған саяхатшылар алдыңғы кезекте Жидебай, Бөрілі және Қоңыр Әулиеге жол тартты. Әр ауданның өзінің тарихи, килеі, көрнекі орындары бар.
- Аймақтың тарихи, килеі орындарын аралап шықтық. Кәсіби маман ретінде айтарым, Катонқарағай ауданы мен Риддер қаласы ішкі туризмді дамыту бойынша алдыңғы орынға шыға алады. Ол үшін бұл жерлерде барлық жағдай жасалған. Тек инфрақұрылым ғана жеткіліксіз, - дейді клуб жетекшісі.
Оның айтуынша, аймақта жол мәселесі саяхатшыларға көп қолайсыздық тудырады.
Алдағы күндері клуб мүшелері Катонқарағай ауданына екі күндік саяхат жасамақшы. Бұл жерде олар пантамен емдейтін шипайжайларына барып, Рахман қайнарларының әсем табиғатын тамашалап Берелдің тарихи қорғандарын аралап, Арасон сарқырамасын көріп қайтпақ екен. Болашақта саяхатшылар клубының географиясы кеңейе түседі. Міндетті туристік бағыттар тізіміне Қазақстанның басқа да аймақтары мен Орталық Азия елдері кіретін болады.