Ертіске жарты миллионға жуық шабақ жіберілді
Балық ресурстарын қалпына келтіру акциясын қолға алған өңірдегі су электр станциялары, Бұқтырма және Шүлбі суқоймаларына жарты миллионға жуық тұқы балығының шабағын жіберді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Өткен жылы бастау алған акция биыл жалғасын тапты. Атап айтсақ, биыл Өскемен ГЭС-і Бұқтырма суқоймасының Үлкен Нарын бұғазы мен Күршім ауылы маңындағы бөліктеріне тұқының 298 мың, ал Шүлбі ГЭС-і Шүлбі суқоймасының Азовое ауылының маңындағы бөлігіне 132 мың шабағын жіберді.
– Табиғи байлықты сақтау және арттыру – бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі. Осы себепті гидроэнергетиктер мен эколог мамандар бірлесіп Ертістің балық қорын толықтыруға бағытталған шаралар жүргізілді. 2019 жылы Өскемен және Шүлбі су электр станциялары 430 мың шабақты суға жіберді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 пайызға жоғары. Қос гидростанцияның шығындары 2018 жылы 8,8 миллион теңге болса, биыл ол 9,9 миллион теңгені құрап отыр, – деді Өскемен және Шүлбі су электр станцияларының атқарушы директоры Тлек Айдабулов.
Ертістегі балық қорына бірқатар деңгейде әсер ететін мұндай гидроқұрылыстар бүгінгі таңда өз тараптарынан жоғары экологиялық жауапкершілік танытуда. Атап айтсақ су электр станциялары Ертіс жағалауын тазарту бойынша ерікті жобалар жасау, заңсыз құрылған ауларды табу, станция аумағы мен басқа аумақтарға ағаш көшеттерін отырғызу, мектеп оқушыларына экологиялық тақырыптағы сабақтар өткізу сияқты шараларды қолға алған. Сондай-ақ гидроэнергетиктер су электр станцияларын барынша қауіпсіз қылу мақсатында турбиналық сутартқыштарға шабақтарды сүзіп қалатын арнайы сүзгілер орнатып, балықтың су тоғандарына кетіп қалмауын қадағалауда.