KZ
Өскемен
-1°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, ОШ
495.95 524.37 4.98

Биыл ШҚО-да дала өрттері тіркелген жоқ 

Бүгін, 17:30 4 Гульжан Мусина

Облыс аумағындағы өртке қауіпті кезең биыл 8 сәуірден басталып 4 қарашада аяқталды. Осы уақыт аралығында өңір бойынша 1,1 га аумақты қамтыған 13 орман өрті тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда алты есеге аз. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингке қатысқан ШҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов осылай деді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

– Ағымдағы жыл басынан бері облыс аумағында дала өрттері тіркелген жоқ. Ал орман өрттерінің тұтануына табиғи факторлар мен тұрғындардың бейқамдығы себеп болып отыр, – дейді басқарма бастығы.

Әдеттегідей, биыл да орман және дала өрттерін азайту, сондай-ақ жою бойынша іс-шаралар жоспары бекітіліп, 52 бірлескен мобильді топ құрылған. Бұл топ 1618 рейдтік іс-шара өткізіп, нәтижесінде 61 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 

Брифингте басқарма бастығының орынбасары Болат Тоқтарғалиев «Өрт-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларын өткізу аясында облысқа қарасты Күршім, Глубокое, Тарбағатай, Катонқарағай және Самар аудандарының орман шаруашылығы аумақтарында өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өткізілгенін атап өтті.

–    Төтенше жағдай кезінде дер кезінде жауап беру және табиғи өрттерді сөндіру тиімділігін арттыру мақсатында, сондай-ақ халық тұратын жерлерде мемлекеттік өрт сөндіру қызметінің бөлімшелері жоқ жерлерде 47 өрт бекеттері құрылды, – деді Болат Тоқтарғалиев.

Айта кетейік, биыл Алтай ауданындағы Малеевка ауылында, Самар ауданындағы Аққала ауылында өрт бекеттері құрылды. Сонымен қатар Ұлан, Шемонаиха, Зайсан, Глубокое, Тарбағатай аудандарында бес ерікті өртке қарсы құрылым жасақталды.

Ажар Сағатбекова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу