KZ
Өскемен
-21°
небольшая облачность жел 2 м/с, Ю
522.42 543.89 5.28

ШҚО тұрғыны шағын ауылда ерекше қонақүй ашып отыр

28.09.2019, 09:33 149

Қонақжайлық және қарапайымдылық – міне бородулихалық кәсіпкер Дастан Мұхтарұлының басты ұстанымдары. Өз ісіне берік жан Бородулихада алғашқылардың бірі болып қонақүй ашып, ауылды жерге таңсық – фастфуд тағамдарын дайындап, сатуды жолға қойды.

Дастан Аягөз өңірінің тумасы. Десе де, қазақтың кең сахарасының қай түкпірін болмасын өз үйім дейтін қазақтың қара домалақ баласы ісін Бородулиха өңірінде дөңгелентуді ұйғарған. Бастапқыда жиһаз жасап сатумен айналысқан жігіт бірте-бірте аудан орталығындағы қонақ үйге деген сұраныстың еселеп артқанын сезеді. Әкімдіктен жер алып, қонақүйді іргетасынан қалауды мақсат еткен ол кейін жоспарын өзгертіп, ауыл ортасындағы тұрғын үйді қонақ үйге ықшамдаған.

– Ауданға алғаш келген кезімізде-ақ қонақ үйге деген сұраныс барын сездік, – дейді ол. – Бастапқыда жиһаз құрастырумен айналыстым. Кейін осы іске бет бұруды жөн санап, әкімдіктен жер де алдым. Дегенмен, қонақ үйді іргетасынан қалап салу тым қиындау болған соң басқа жолмен жүруді шештім. Дайын үйді қонақ үйге айналдырдым.

Осылайша «Али» қонақ үйінің іші-сыртын жөндеп, жылуы мен ауыз суын тартқан кәсіпкер кіреберіс фойеде жайлы дәмханаға ашады. Онда ауыл адамдары үшін таңсық пицца және донер тағамдарын дайындап сатуды, тіптен тапсырыс берушінің үйіне дейін жеткізіп салу қызметін қолға алған Дастан бүгінде екі адамды жұмыспен қамтып отыр.

– Біздің дайындаған тағамды алғаш алған адамдар әлі де дәмхананы айырбастаған емес, – дейді Дастан. – Демек біздің өнім олардың көңілінен шықты. Қонақ үйіміз шағын – төрт бөлмелі ғана болғанымен ондағы төсек-орындар бір уақытта бірнеше адамның жайғасуына мүмкіндік беретіндей жасалған. Бастаған ісімізге аудан әкімі Ольга Булавкина оң көзқарас танытып, қолдау білдіріп келеді. Құжаттарымыздың тез жөнделуін, қонақүйдің қалыпты жұмыс істеуін аудан әкімінің жас кәсіпкерлерді қолдауы деп түсінемін.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу