Өскеменде букмекер кеңселерін тонау оқиғалары көбейіп барады
Өскемен тұрғыны букмекерлік кеңседен ашықтан ашық 350 мың теңге алып кетті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Ол касса үстелінен асып түсіп, кассирге қолындағы сынық бөтелкемен қоқан-лоққы көрсеткен. Сөйтіп баса көктеп 350 мың теңгені қалтаға басқан да, тайып тұрған.
Оқиға орынына полиция басқармасының ізкесуші тобы келеді. Сондай-ақ кеңсеге жақын аудандардағы барлық тәртіп сақшылары күдіктіні табуға жұмылдырылады.
– Іздестіру шарасы нәтижелі болды. 30 жастағы күдікті ұсталды. Оның үстінен қылмыстық кодекстің 1-тарау 192-бабы бойынша («Тонау») іс қозғалды, – деді полиция басқармасының бастығы Дәуір Ибраев.
Еске сала кетейік, осыған ұқсас жағдай 2 қыркүйек күні де болған еді. Бетін тұмшалаған екі адам кассирге қару кезеніп, кассадағы ақшаны алып кеткен болатын.
Олардың арада 9 күн өткенде ұсталғанын Дәуір Ибраев хабарлап, 400 мың теңге алғанын айтқан болатын.