Ертістің жағасындағы ескі "қамалды" күреп тастайтын болды
Ертіс жағалауындағы қамалға ұқсас ескі мұнара күрелетін болды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Жуықта «қамалдың» маңы қоршалды. Бұған тұрғындар алаңдаушылық білдірген болатын.
Өскемен әкімінің орынбасары Тамара Рахимжанованың айтысынша, осынау нысан және оған тиесі аумақ 2005 жылы-ақ жеке меншікке өткен. Оны биыл «Вовченко» жеке кәсіпкерлігі сатып алыпты. Жаңа иесі ол жерге кафе ашпақ болып, қала әкімдігіне ұсыныс тастапты. Алайда кафе ашуға рұқсат берілмеген.
Дегенмен де ол жердегі құрылыс жұмысы тоқтаған жоқ.
– Мамандардың тексеруінен кейін бұл ғимаратың жер сілкінісіне төтеп бере алмайтындығы белгілі болды. Сондықтан нысанның иесі оны алып тастамақ. Иә, жеке кәсіпкерге тұрғындар тарапынан түскен шағымдар бар. Десе де, бұл жекенің меншігі болғандықтан, иесі қандай да бір құрылыс жүргізуге құқылы, – деп жауап берді Тамара Рахимжанова.