Бұл «қамалдың» ешқандай тарихи маңызы жоқ – Өскемен әкімі
Өскеменде Ертіс жағалауында тұрған қамалға ұқсас нысанның күрелуіне тұрғындар наразы. «Қамалды бермейміз», – дейді сол маңайдың халқы, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Еске сала кетейік, нысан мен оған тиесі аумақ «Вовченко» жеке кәсіпкерлігінің меншігінде. Меншік иесі нысанды күреп, орынына жеке кәсіп орынын ашпақ ниетте. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Тамара Рахимжанова айтқан болатын.
Десе де, сол маңайдың тұрғындары нысанға ешкімнің тиіспегенін қалайды. Айтуларынша, ол қаланың көрікті архитектуралық құрылысы болып саналады.
– Сіздердің көтеріп отырған мәселелеріңізді түсінемін. Бірақ бұл «қамалдың» ешқандай тарихи маңызы жоқ екенін баса айту керек. Қаласаңыздар, тарихшыларымыз зерттеп, мұның тарихи маңызды нысан екенін, мемлекет тарапынан қорғалуы тиіс немесе тиіс емес екенін дәлелдесін, – деді наразылық білдірген тұрғындармен жүздескен шаһар басшысы Жақсылық Омар.
Айтуынша, қала әкімі меншік иесімен жүздесіп, нысан мен оның аумағын қаланың теңгеріміне алуға талпынып көрмек. Тиісінше, кәсіпкерге қаланың басқа нүктесінен жер ұсынбақ.
– Біз бұл жерге кафе ашуға рұқсат бермейміз! – деп басу айтты қала әкімі «қамалды» қызғыштай қорыған жұртқа.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта кәсіпкермен келіссөз жүргізуге талпыныс жасалып жатыр.
– Дегенмен де, бұл – жеке меншік нысан. Иесі оның «тағдырын» шешуге толықтай құқылы. Дәл қазір күретіп тастаймын десе де еркінде, – деді баспасөз қызметкері Әлібек Тұрсымбетов.