Семейде Тұрғын үй мекемесі мен тұрғындар неге келісе алмай жүр?
«Біз ақша төлейміз, ал олар түк істемейді». Семейліктер «Тұрғын үй жөндеу-пайдалануға беру» мекемесіне наразылықтарын айтты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Түрксіб көшесі 53-ші үйде тұрамыз. Бізде ПИК (КСК) дұрыс жұмыс істемейді. Оның үстіне балаларға арналған алаң да жоқ, тым болмаса ауладағы тазалық сақталып тұрса ғой дейсің.Бірақ подъезде де аулада да тазалық деген атымен жоқ, – дейді Садуақасова Ардақ.
Осы сұраққа байланысты біз аталмыш үйге жауапты нөмірі «Тұрғын үй жөндеу-пайдалануға беру-111» мекемесіне хабарласқан едік.
– Ол үйдің тазалығына жауапты аула сыпырушы да еден жуушы да бар. Подъезд аптасына 3-4 рет таңертеңгі сағат 08:00-дер кезінде жуылады. Ол үйдің берешегі де жоқ емес.Біз жұмыс істемейміз емес, істейміз. Өздері шашады. Сосын ренжиді. Керек десеңіз қасындағы үйлердің ауласын жіберейін салыстырып көріңіз, – деген ұйым жетекшісі Марина Геннадьевна жұмыс табелін де көрсетті.
Айтпақшы, тұрғындардың бұлай наразылық танытуларына тағы бір себеп болған мәселе балаларға арналған ойын алаңының жоқтығы.
– Аулаға келер болсақ, біз бұл үйдің ауласына қатысты шаһар басшысының орынбасарымен жолыққан болатынбыз. Алайда, олар аула салудан бас тартып, ата-аналардың өздері орнатуларын ұсынған болатын, – дейді Марина Геннадьевна.
Айта кететін жайт, бұл үйдің тұрғындары аталмыш ұйымға 420 000 теңге қарыз көрінеді. Алайда, жөндеу жұмыстары уақытылы жүргізіледі екен.