Көкпектіде 34 көпбалалы отбасы баспаналы болды
Облыс әкімі Даниал Ахметовтың басшылығымен жасалған жоба аясында тұрмысы төмен, көпбалалы аналарға кешенді көмек көрсету жұмыстары бір мезетте облыс бойынша 230 шаңырақты қуанышқа кенелтті. Бұл игілікті шарадан Көкпекті ауданы да тыс қалған жоқ. Қ. Алтынбаев атындағы мәдениет үйінде аудан әкімі Асхат Смаилов 34 отбасыға салтанатты түрде үйдің кілтін табыстады.
Мерекелік іс-шара мәдениет үйі әртістерінің орындауындағы «Сарыарқа» күйімен шымылдық түрді. Шараға қатысушы аналардың көздері бал-бұл жайнап, қуаныштарында шек жоқ екендіктері көрініп отырды.
- Егер әр отбасында ана бақытты болса, онда біздің тұтас еліміз де бақытты деуге болады. Осыны ескерген облыс басшысы Даниал Ахметов аналардың жағдайын жақсартуды басты назарда ұстап отыр. Өздеріңізге белгілі ағымдағы жылы аз қамтылған отбасыларды үймен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 1,5 млрд қаржы жұмсалған, оның ішінде 8 млн үй сатып алуға, 800 млн теңге үйлерді салып беруге жұмсалған оған қосымша облыс әкімі бюджеттен тыс көздер есебінен облыс аудандарында кезекте тұрған көпбалалы отбасыларды тұрғын-үйлермен қамтамасыз етудің арнайы 3 деңгейлі бағдарламасын әзірлеген, бұл бағдарлама әдейілеп тұрып ауылды жерлерде тұрып жатқан көпбалалы аналарға арналған бағдарлама, республика бойынша тұңғыш атқарылып отырған іс-шара Даниал Ахметовтың ерен еңбегі, - деді Асхат Смаилов.
Кілт табыстау рәсімінен кейін алтын құрсақ аналар себепші болған барлық ел ағаларына алғыстарын айтып, шексіз қуанышты екендіктерін білдірді. Мерекелік іс-шара аяқталысымен аудан әкімі көпбалалы аналар А.Гусейнова мен Ә.Мұхамадиеваның үйіне барып жаңа қонысымен құттықтап, үйдің жай-күйіне оң баға беріп қайтты. Көпбалалы аналар өз кезегінде аудан басшысына зор алғысын білдіріп, қажымас күш-қайрат денсаулық тіледі.
З.Қамзаева, көпбалалы ана:
- Бала - көңілдің қуанышы, өмірдің жалғасы. Бүгін өз ұрпағымның болашағы үшін үлкен бір оң қадам жасалды, ол әрине баспана. Өз тарапымнан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына және облыс әкімі Даниал Кенжетайұлына шексіз алғысымды білдіремін. Осы баспананы кішкентай қызымның 2 жасқа толған туған күніне үлкен сыйлық деп қабылдадық, барлықтарыңызға үлкен рахмет!
Ш.Бүлдірген, көпбалалы ана:
- Бізбен бірге кілт алған барлық отбасыларды баспаналы болуымен шын жүректен құттық-таймын, ел іргесін берік ұстайтын адал азаматтарды тәрбиелеп өсірулеріне тілектеспін. Тамаша бастаманы жүзеге асырған облыс басшысы Даниал Кежетайұлына алғыстан басқа айтарым жоқ. Халықтың ақ батасын алып, жұрттың разылығына бөлене беріңіз!
Айдын ТОҚСАНОВ