«Жаңа форматта, санитарлық таза» – Қазақстан жолдарында салынатын әжетханалар
Қазақстан жолдарында жаңа форматтағы санитарлық талапқа сай әжетханалар пайда болады. Қашан?
Жуықта Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі басшысының орынбасары Олжас Бектенов жолдардың бойындағы адам көргісіз әжетханалардың фотосын Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне көрсеткен еді.
– Әжетханалар қарапайым ғана санитарлық-гигиеналық талапқа сай келмейді. Ішіне ену мүмкін емес, – деді О.Бектенов.
Содан кейін ол біздегі әжетханаларды Норвегияның әжетханаларымен салыстыра, арнайы түсірілген видеоны көрсетті.
– Сыныңызды қабылдаймыз. Көтерген мәселеңіз өзекті. Ол кездегі жобалар ескі тәсілмен сызылып, кірпішпен салынған еді. Болашақта оны өзгертеміз. Төрт түрлі санитарлық торап орнатылады. Сол үшін инвестициялық тендер өткізбекпіз, – деп жауап берді вице-министр Берік Қамалиев.
Айтуынша, жолдардың бойында алдағы үш жылдың ішінде санитарлық талапқа сай келетін, жаңа форматтағы 300 әжетхана пайда болады. Оларды сол жерден сауда орындарын ашқан кәсіпкерлер салады.