KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 4 м/с, З
494.87 520.65 4.91

Тарбағатай ауданында көпбалалы отбасылар баспаналы болды

10.07.2019, 03:37 141

Тарбағатай ауданының орталығына ат басын тіреген облыс әкімі Даниал Ахметов Ақсуат ауылындағы сегіз көпбалалы анаға тұрғын үй кілттерін табыстады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

 - Қуанышымда шек жоқ. 2007 жылдан бері балаларыммен үй жалдап келемін. Өткен жылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға кезекке тұрған едім. Биыл облыс билігі қолғабыс етіп, 3,5 миллион теңгеге төрт бөлмелі баспанаға қол жеткізіп отырмын, - дейді төрт баланың анасы Айман Мархабаева.

Бұдан бөлек, бұл ана биылдан бастап аз қамтылған отбасылардың әр баласына тиесілі атаулы әлеуметтік көмекті де алып отыр.

- Осыған дейін отбасыммен ата-енемнің үйінде қыстырылысып тұрып келдік, - дейді Күлжанат Қалабаева есімді жеті баланың анасы. - Еңсесі биік үй алдық. Өзім ауылдағы мемлекеттік мекемелердің бірінде қамту қызметкері болып жұмыс істеймін. Төрт жыл бұрын аяқ астынан күйеуім өмірден озған болатын. 3,5 миллион теңгеге баспана алып беріп қуантып жатқан жайымыз бар.

- Ауылдағы бос үйлерді паналап келгенімізге 10 жылдың көлемі болды. 2009 жылы Қытайдан көшіп келген оралмандармыз. Күйеуім бірінші топ мүгедегі болғандықтан төрт баланы асырау біраз қиын болды. Бүгін қолымызға өзімізге басыбайлы берілген баспананың кілтін алып қатты қуанудамыз. Осындай жақсылық істеп жатқан Үкіметке, ел Президентіне, облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы мен аудан басшылығына алғысымызды білдіреміз, - деді Базагүл Тоқтархан есімді көпбалалы ана.

- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бар. Бүгінгі таңда облыста 500-ден астам көпбалалы ана бар. Қазіргі уақытта олардың аудан орталықтарында тұратын 230-на тұрғын үйлер сатып әперудеміз. Соның бір көрінісі бүгінгі шара. Барлық отбасыларға бақыт тілеймін. Біз осындай отбасыларға қоғам болып көмектесуіміз керек. Бүгінде облысымызда көпбалалы отбасылардың балаларын колледждерде, балабақшаларда тегін оқытып, тәрбиелеу сияқты үш мәселе шешімін тапты, - деді өз сөзінде өңір басшысы Даниал Ахметов.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу