Шығыстағы көпбалалы аналардың кәсіп ашуына не кедергі?
Жыл басынан бері облыста «Еңбек» бағдарламасы бойынша бар-жоғы екі көпбалалы ана ғана шағын несие алған. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте мәлім болды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Қалалардағы көпбалалы аналарға кәсіп ашу үшін шағын несие беру жұмысы туралы есебінде кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ержан Шорманов «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты бойынша өскемендік екі анаға кредит рәсімделгенін баяндады.
– Олардың бірі шаштараз ашпақшы, оған 6 миллион теңге қажет екен, қазір азаматша құжаттарын жинауда. Екіншісі азық-түлік дүкенін ашу үшін 10 миллион теңге сұрап отыр. Құжаттары банкке қарастыруға жебірлді, – деп түсіндірді Ержан Шорманов.
Басқарма басшысы, сондай-ақ, биыл көпбалалы аналардың бастамасы бойынша 9,5 миллион теңгенің 5 жобасы қаржыландырылғанын атап көрсетті. Өскемен, Риддер қалалары мен Ұлан, Үржар аудандарындағы аталмыш аналар автокөлік орындықтарының жапқыштарын тігу, саңырауқұлақ өсіру, велосипедті жалға беру қызметін ұйымдастыру сияқты мақсаттарды көздеген.
Облыс әкімі ақпан айында берілген тапсырманың сылбыр орындалғанын айтып, басқарма жұмысын сын тезіне салды.
– Басқарма Өскемен мен Семей қалаларының әкімдіктерімен және Кәсіпкерлер палатасымен бірге еш жұмыс атқармаған. Бес айда берілгені – екі-ақ несие! Семейде бірде-бір кредит рәсімделмеген. Себебі неде? Облыста 26 мыңнан астам көпбалалы ана бар, біз оларға бірнеше миллион теңгенің несиесін береміз деп уәде еттік қой, – деген Даниал Ахметов нақты нәтижені талап етті.
Облыс әкімі ақпан айында жергілікті атқарушы билік көпбалалы отбасылар балаларын балабақша ақысынан босату, колледждерде тегін оқыту және мектеп формасымен тегін қамтамасыз ету жөнінде міндеттер алғанын ескертті. Сол кезде көпбалалы аналарға кәсіпкерлік ашу үшін қолдау көрсетілетіні де айтылған-ды.
Кеңесте білім және экономика басқармаларының өкілдері мектеп формасына қатысты мәселе толық шешілгенін жеткізді. Қаржы бөлініп, мердігерлермен келісімдер әзірленуде, киім тігу жұмыстары жуық арада басталмақ. Мұнымен қоса, колледждерде қалаған мамандықтарына ақысыз оқитын төрт мыңдай тоғызыншы сынып оқушысы анықталған. Балабақшалар да көпбалалы отбасыларды ақы төлеуден толықтай босатып отыр.
– Көпбалалы аналар неліктен атқарушы билікке шағымданады? Себебі, кейбір шенеуніктер өз міндеттеріне осылайша атүсті қарайды. Бұлай жұмыс істеуге болмайды. Мен әлеуметтік қолдау басқармасын жиі сынаймын, бірақ олар көпбалалы отбасылар бүлдіршіндерінің балабақшаларға тегін баруы мәселесін шешті. Білім басқармасы да өз міндетін абыроймен атқарып шықты. Ал кәсіпкерлік басқармасы болса, тапсырманы орындай алмай отыр. Егер түйткіл шешілмесе, тиісті шаралар қолданылатын болады, – деп қатаң ескертті облыс әкімі.
Аймақ басшысы келесі аптада арнайы комиссияның отырысын өткізуді жоспарлап отыр, ол жиында атқарушы органдарға талап-тілектері бар көпбалалы аналар да шақырылмақ.