«Екі күннің бірінде сынып тұратын "2"». Өскеменнің автобустары қандай?
Жуықта әлеуметтік желі қолданушыларының бірі «Екі күннің бірінде сынып тұратын Екі» деп жазып, Өскемендегі №2-бағыттағы автобустың жолда қалған суретін жүктеп еді.
Иә, қаладағы қоғамдық көліктер ескіріп барады. Мәселен, бір ғана №60-бағыттағы көліктерді алайық. Кейбіріне күн ыстықта және жаңбыр жуғанда отыру қиямет. Біріншіден, терезе желдеткіші ашылмайды, ал төбедегі желдеткіш көлік ішін түгел салқындата алмайды. Әсіресе бағдаршам немесе кептелісте тұрғанда қапырық болады. Егде адамдар мен жүкті әйелдер жүрегі көтеріліп басы айналатынын айтады. Екіншіден, осы терезелер айғыз-айғыз. Сыртқы әлемді көрсетпейтін сатала әйнектер тымырсық ауада жүргіншілерді одан сайын тұншықтыра түскендей болатыны жасырын емес. Үшіншіден, жауынды күні төбесінен су тамшылайды. Артқы қатардағы орындықтардың беті шылқылдап жатады.
Осы мәселелерге қатысты қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Еркін Тұраровтың атына ресми сауал жолдап едік. Сұрақтар легі төменде:
1. Өскеменге биыл неше автобус алынады? Алынатын автобустар жаңа ма, әлде қолданылған ба?
2. Олар қай маршруттарға беріледі?
3. Өскемендегі ескі автобустар қаншалықты талапқа сай? Мәселен, №60 бағытында ескі автобустар бар. Олардың терезесі, біріншіден, лас, ештеңе көрінбейді.Бұл қалалық мәдениетті бұзған болып есептелмей ме?
4. Екіншіден, терезе желдеткіші ашылмайды. Төбесінің саңылауы болса да, көліктің артына салқын жетпейді. Кептеліс кезінде егде адамдар мен жүкті әйелдер ыстықтан жүрегі көтеріліп, бас айналатынын айтады.
5. Жалпы қала ішіндегі автобустар қандай болуы керек? Оларға қойылатын талап қандай?
Сұрақ осы. Жауап міне (Мекеменің жауабын сол күйі жариялаймыз!):
– Биылғы жылы көлік маршруттарында 85 жаңа автобустар сатып алынып, ескі автобустарды ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Олардың қай маршруттарда жүретіндігі конкурс кезінде анықталады.
– ҚР аумағына көлік құралдарын әкелген кезде, МЕМСТ органдарында мемлекеттік тіркеулерде тіркелген, сәйкестік нөмірлік куәлігі беріледі және онда барлық МЕМСТ көрсетілген оларға әкелінетін көлік құралдары сәйкес келеді.
– Scania 112; 113; Volvo В10 маркалы автобустар Скандинавия елдерінде жасалады, онда климат өте суық сондықтан бұл автобустар шыны пакетпен және мәжбүрлеп ауа жіберу жүйесі мен жабдықталған. Сондай ақ кейбір Scania маршруттарында табиғи желдету үшін люк қарастырылған.
– Аялдама кешендері 400-800 метр қашықтықта орналасқандықтан және де есіктері жиі ашылатынықтан кондиционерлер тиімсіз.
– Автобустарды әр 12000 км жүрген сайын ТҚКС-2 тексеріледі, ең басты тексерістердің бірі желдеткіш жолын тазарту болып табылады.
– 26 наурыздағы 2015 жылғы № 349 Автомобиль көлігімен жолаушлыра мен багажды тасымалдау қағидалары. «Автобустардың, троллейбустардың, шағын автобустардың санитарлық жай-күйіне, сыртқы безендірілуіне және жабдықталуына қойылатын талаптар» 13-бөлігінің № 324-тармағының 2) тармақшасында қалалық және қала маңындағы тұрақты автомобильмен таымалдау маршруттарында кемінде екі жолаушы есігі бар қалалық автобустарды (1 класты) пайдалануға рұқсат етіледі.
Иә, бұдан біздің ұққанымыз...
Кондиционер орнату тиімсіз екенін түсіндік. Бұл басқа амалы жоқ деген сөз емес шығар....
Ал айғыз әйнектер ахуалы не болды?
Сұрақтан кейін де сұрақтар туындап жатыр, міне...
Айта кету керек, сатып алған 85 автобусты қала ішінде көзіміз шалмады әзір.