Семейде малын ұрылардан қорғамақ болған қария өлім аузынан аман қалды
ШҚО-ның Семей қаласында малын қарақшылардан қорғамақ болған 80 жастағы қария өлім аузынан аман қалды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Мамыр айының соңына қарай Семей қаласындағы шаруа қожалығының иесі үш бас бұзауының жоғалып кеткенін байқайды. Жайылымда қалып қойған шығар деген оймен іздеуге өзі шығады.
Малын іздеп жүріп, ағашқа арқанмен байланып тұрған бір бұзауын тауып алады. Мұны қарақшылардың ісі деп ұққан қария полицияға хабар берудің орнына, аң атуға арналған мылтығын алып, ұрыларды өз күшімен қолға түсіруге бел буған. Бұл туралы күйеу баласына ғана қоңырау шалып, айтқан екен.
Біраз уақыттан кейін бұзау байланған жерге "Фольксваген" маркалы автокөлігімен екі ер адам келіп, малды жүксалғышқа тиемек болады. Осы кезде тасада жасырынып отырған малдың иесі мылтықпен ауаға оқ атып, ұрыларды тоқтатуға әрекеттенген. Алайда қарақшылар қарт адамның сөзін де, қолындағы қаруын да елемепті. Басқа амалы қалмаған қария ұрылардың бірінің аяқ тұсынан оқ атып, жаралайды. Ашуға булыққан қарақшылар оған тап беріп, соққыға жығады. Артынан қолын байлап, көліктің артқы орындығына отырғызып алған.
Сол арада оқиға орнына жәбірленушінің күйеу баласы келіп қалып, полиция шақыртады.
Мал ұрлаушыларға қатысты ұрлық және адам ұрлау фактілері бойынша екі қылмыстық іс қозғалып, қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.