Өскеменде дәрігер жүкті әйелдің атынан жеке кәсіпкерлік ашып алған
Өскемендегі емханалардың бірінде гинеколог дәрігер өзіне қаралуға келген жүкті әйелге жеке кәсіпкерлік ашуды ұсынған. Бұл бала туғанда берілетін жәрдемақының мөлшерін көбейтеді деп сендірген. Әйел ұсыныстан бас тартқанымен, дәрігер оның сыртынан жалған құжат арқылы жеке кәсіпкерлік ашып тастайды, - деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі Устинка сайтына сілтеме жасап.
Біраз уақыт өткеннен кейін жалған нотариалдық сенімхат арқылы оның атынан құжаттар рәсімделіп, жеке кәсіпкер атанғанынан хабардар болады. Кәсіпкер әйелдерге мемлекеттен 400 мың теңге көлемінде жәрдемақы беріледі екен. Ал мұндай қитұрқы әрекетті жүзеге асырмақ болған алаяқ дәрігер «тамаша идеясы» үшін әлгі соманың 100 мың теңгесін беруді сұраған.
Өзінің атына келісімсіз ашылған жеке кәсіпкерлік жайлы құжаттың күшін жою үшін әйел Мемлекеттік кірістер басқармасына өтініш жазады. Алайда олар ешқандай көмек көрсете алмаған. Амалы таусылған әйел Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің ШҚО бойынша департаментіне шағымданыпты.
Тексерудің нәтижесінде жеке кәсіпкерліктің жалған сенімхатпен ашылғаны дәлелденіп, осыған ұқсас тағы бірнеше факті анықталған. Қазір бұл материалдар бойынша полиция тергеу амалдарын жүргізуде.
- ұқық қорғау органдары алаяқтық бойынша қылмыстық құқық бұзушылықты тексеріп жатыр, - деп мәлімдеді департамент басшысы Жанна Қабдолдақызы.
Сондай-ақ, ол әйелдің атына ашылған жеке кәсіпкерлікті жоюға қатысты мәселені шешуге қол ұшын беретіндерін айтып отыр.