"Маған сыйлық керек емес", - Батыр бала ШҚО-да болған оқиғаны айтып берді
Өткенде «2-сынып оқушысы өзінен кіші баланы құтқарып қалды» деп жазғанбыз. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» демекші, жақсы жаңалық дереу республиканың әралуан интернет басылымында жарқырап шыққан еді. Жуықта Семейдің төтенше жағдайлар басқармасында осы Батыр бала Виктордың қатысуымен жиын өтті. Сондағы болған оқиға кейіпкердің өз аузымен айтылды
– Достарыммен ойын соғып жүргем. Қолындағы таяғын шалшық суға бойлатып өлшеп отырған баланы көрдім. Кенет суға күмп беріп түсіп кетті ол, таяғы судың түбіне тірелмей қалса керек. Достарым үлкендерге қарай жүгірді, мен баланың қолынан ұстауға ұмтылдым. Батып кете ме деп қорқып кеттім. Алайда шығарып алуға әлім жетпеді. Осы кезде бір ағай жүгіріп келді де, баланы суырып алды, – деп, болған жайды толқи баяндады №40 мектептің екінші сынып оқушысы Виктор Новоселов. Онымен қоймай, «шалшық судың жағасына балаларды жолатпайтындай шектеу қою керек» деп, ескерту де жасап қойды. Виктордың әлі жетпесе жетпейтіндей көлшіктің кемері недәуір биік екен, әмбе бұл шалшық су болатын.
Жиынға келген Батырдың шешесі баласының сондай жанашыр, бауырмал екенін айтады. Тіпті үйдегі ойыншықтары да құтқарушылардікі оның.
– Виктор үйге келгенде ештеңе демеді. Кішкене баланы құтқарып қалғанын досының аузынан естідім. Ойын баласы не айтпайды, аса мән бермей, «е» дедім де қоя салдым. Бәрін кейін білдім ғой. Иә, баламның ісі достарына үлгі боларлықтай. Жалпы біз тұратын жерде көлшік көп. Балаларға қауіпті. Сақтық керек, – дейді Наталья Новоселова.
Құтқарушылар сөзінше, алдағы уақытта Викторға марапат беріледі. Бірақ Батыр бала өзінің мектебінде оқушылар алдына мақтау қағазын алғанын айтып, «одан басқа сыйлық маған керек емес» деп бас тартқандай болып отыр. Десе де, кішкентай құтқарушының үлкен жүрекпен істеген ісі қандай марапатқа да лайық екені даусыз.
Құтқарушылар алдағы шомылу маусымында сақ болуды ескертеді. Былтырғы дерекке сүйенсек, қауіпсіздік ережесін сақтамаған 42 адам суға кетіп, ажал құшыпты. «Су – тілсіз жау. Суға түскен кезде ең бірінші кезекте азаматтардың өздері абай болғаны абзал. Шомылуға арналмаған орындарда суға түскені үшін айыппұл салынатынын да айта кеткім келеді. Бүгінде облыста екі мыңнан астам су қоймасы бар. Ал құтқарушы мамандардың саны бар-жоғы 200-ден аспайды. Барлық жағажайда қатаң бақылау жүргізу мүмкін емес. Сондықтан бірінші кезекте демалушылардың өздері қауіпсіздік шараларын сақтағаны жөн», – деген еді өткен жылғы бір жиында Шығыс өңірлік аэромобильді жедел-құтқару қызметінің өкілі Анатолий Рожков. Мұны ата-аналардың есіне қайталап сала кетпесе болмас.