Он метр шұңқырдағы үй. Өскемендегі құрылыстың кемшіліктері
Жақында өткен әкімдік мәжілісінде өңірдегі мердігерлер мен жобалаушылар да аймақ басшысы Даниал Ахметовтің сынына ұшырады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Жобалау жұмыстары кімнің мүддесін ескеріп жасалған, – деді өңір әкімі сұрақты төтесінен қойып. – Мысалы, 19 тұрғын аудандағы № 117 және 118 үйлерді алайық. Мұндағы бір үйдің құрылыс құны шамамен 1,5 млрд. теңгені құрайды, ал тиісті инфрақұрылыммен қамтуға тағы бір млрд. теңге кетеді. Сонымен қатар қосымша 1,5 млрд. теңге тік жоспарлауға және абаттандыруға жұмсалады. Сонда мұншалықты қымбат құрылысты қайдан алып отырсыздар?
Белгілі болғандай, құрылыс алаңының тік жоспарлауы құрылыстың дайындық кезеңінің құрамына кіреді екен. Барлық қағидаларға сәйкес тік жоспарлау мен абаттандыру құрылыс құнының он пайызынан аспауы тиіс. Ал оның үйдің бағасымен бірдей болуы – барып тұрған сандырақтық әрі ешқандай ақылға қонбайды.
– Сіздер мұның бәрі кімнің мүддесі үшін жасалғанын анықтайтын боласыздар. Бұл баспаналар қаржылық жағынан тиімсіз болғаны аздай, алда тұрғындар үшін де айтарлықтай қолайсыздықтар тудырары анық. Мәселен, үй он метрлік шұңқырда орналасқан. Тіпті, зындан сияқты. Қыста шұңқырды толық қар басады, ал оны кім тазалап тұрады. Жобаны жергілікті бедерге есептеп барып жасау керек болған. Атқарылған шаруаға ешқандай көңіл толмайды. Бюджет қаржысына бұлай жеңіл қарауға жол берілмейді, – деген облыс әкімі сәйкесінше бұл баспаналардың шаршы метрінің құнын және тік жоспарлау мен инфрақұрылым тартуға кететін шығынды анықтау үшін құрамына жобалау институттарының мамандары кіретін комиссия құруды тапсырды.
– Әлемде таудың үстіне салынған жүздеген қала бар. Бірақ дәл Өскемендегідей таудағы жабайы құрылыс жұмыстары ешқайда жүргізілмейді. Бұл Қазақстандағы ең алғашқы қарама-қайшы жоба, сәтсіз бастама деуге де болады. Орын алған кемшіліктерге байланысты алдағы уақытта нақты сараптау мен есеп күтетін боламын, – деді Даниал Ахметов.