KZ
Өскемен
-8°
небольшая облачность Штиль
497.26 525.21 4.97

Астанада қанша теңгеге өмір сүріп, қаражатты қалай жинауға болады?

17.05.2019, 09:29 171

Астанада орташа еңбекақымен өмір сүруге, тіпті қосымша қаражат жинауға бола ма? Сарапшы мамандар есептеп, ыңғайлы ұсыныстар да қарастырған екен, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі «Крыша» сайтына сілтеме беріп.

Баспана

Баспанасы жоқ адамның қаражатының басым бөлігі пәтер жалдауға кетеді. Пәтердің бір шаршыметрі 2,5 мың теңге, шамамен. Бір бөлмелі немесе шағын-шағын екі бөлмелі баспананың бағасын 100 мың теңге деп мөлшерлей беріңіз. Жақсы аудандардағы жабдықталған үйлерді 180-200 мың теңгеге «майлап» тұруға болады.

Қалтаға тиімді жол – ескі қаладағы (Жеңіс, Есенберлин даңғылы, Бейбітшілік сынды көшелердегі) «хрущевка» аталатын үйлер. Онда пәтердің айлық төлемі 70 мыңнан басталады. Дәл осындай ескі үйлерді орталыққа жақын Бараев көшесі, Абай, Республика даңғылдарынан да табуға болады, 90-150 мың теңгенің аралығында.

Коммуналдық төлем

Мысалмен айтар болсақ, екі бөлмелі үйге коммуналдық төлемдер үшін, орта есеппен, 30 мың жұмсауға болады. Бұл қаражаттың ішіне кабельді теледидар, интернет, телефонның шығынын да қосып отырмыз.

Көлік

Қоғамдық көлікпен қатынайтын болсаңыз, жол ақысы арнайы карта арқылы 90 теңге болады. Айта кету керек, тұрғындардың көбісі жол ақыны SMS-пен төлейді, сонда белгілі бір уақыт мерзімінде телефонға 20 теңгедей сыйақы түсіп тұрады.

Әр айда 22 жұмыс күні бар деп есептесеңіз, барша күннің барып-қайтар жолына 3 960 теңге жұмсайсыз.

Ал таксидің әр шақырымы 100 теңгенің маңайында. Аса алыс болмаса, бара жерге 500-700 теңгенің көлемінде жетіп алуға болады.

Ауқат

Есепке тағамдану рационына енген 50 тағам түрі алынды. Сарапшылар азық-түліктің бағасы базар, дүкен, гипермаркеттерді салыстырып қарағанда әртүрлі екенін айтады. Орташа есеппен, отбасында екі ересек адам болса, 80 мың теңге қаражат ішіп-жемге кетеді.

Гигиеналық тазалық

Сарапшылар гигиеналық тазалық құралдарына ай сайын 5 мың теңге бөлек шығарып қою керектігін ескертеді.

Бос уақыт

Кино, спорт, көңіл көтеру орындарына және де тағы басқа дүниелерге, «көрпеңе қарай көсіл» демекші, әр адам хәл-қадарынша қаражат жұмсар. Десе де есептеп көрейік, пиццаны 2500 теңгеге үйге алдыруға болады, кофе, тәтті-дәмдіге де дәл осындай мөлшерде ақша шығады. Нұр-Сұлтан дәмханаларында, шамамен, 3000-3500 теңгеге ауқаттануға болады.

Ал театр, кинотеатр, опера театры және хоккей ойындарының билеті 1500 – 3500 теңгенің айналасында.

Еңбекақы

Статистика жөніндегі комитеттің мәліметіне сүйенсек, бас қаладағы орташа еңбекақы 267 766 теңге. Одан ұсталатын міндетті соманы алып тастағанда, қолға 215 мың теңге тиіп қалады дей беріңіз.

Еңбекақыдан не қалды?

Манадан санаған-санамаған дүниеміз бар, астанада бір ғана ересек адамның өзі ай сайын 180 мың теңге жаратады екен. Ал екі адам болса, 220-250 мың теңге деп жобалауға болады. Егер жеке басыңызда пәтер болса, онда сіздің әмианыңыздан 150 мың теңгеден аз шығын шығады.

Қаражатты қалай жинайсыз?

Астанаға көшіп, пәтер алуды көздеген болсаңыз, 300 мыңнан жоғары жалақыға жұмыс істеген абзал. Сонда қатаң тәртіппен жүріп-тұратын болсаңыз, 100 мың теңгені былай да былай бөлек сақтайсыз. Екі жарым жылда 3 милиондай қаражат жинақтап қоюға болады осылайша. Міне, пәтердің бастапқы қаражаты дайын.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу