KZ
Өскемен
-5°
пасмурно жел 1 м/с, С
521.81 543.67 5.05

Өскемендегі жедел жәрдем көліктерінің көбі ескі «УАЗ» - басқарма басшысы

16.05.2019, 05:30 143

«Дидар» газеті, «Алтай» телеарнасы және «Алтайньюс» ақпараттық сайтының тілшілер облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджанмен «Ашық әңгіме» жүргізді. Бағдарлама қонағы аймақ медицинасы мен дәрігерлердің жағдайына қатысты және мамандардың еңбекақысы мен шеберлігіне байланысты, өзі айтқандай, тілшілер қойған «ыңғайсыз» сұрақтарға жауап берді.


Облыстық «Алтайньюс» ақпараттық порталының тілшісі Тасқын Болатұлы:

-Күндіз-түні тыным таппай жұмыс істейтін мамандардың алғашқы легінде жедел жәрдем бекетінің қызметкерлері тұр. Әсіресе Өскеменнің бекеттеріндегі қызметкерлер еңбекақының аздығын, жұмыстың көптігін айтып шыр-пыр болып жүр. «Қалада 326 мың халық бар, оған қоса маңайдағы саяжайлар мен Бобров, Тархан сынды ауылдар да біздің қарамақта. Мұнша халыққа, кем дегенде, 34 жедел жәрдем көлігі керек. Ал қазір бізде олардың саны 22 ғана», дейді олар.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджан:

– «Театр киім ілгіштен басталады» дегендей, денсаулық сақтау қызметінің деңгейі де «кіреберістен» – жедел жәрдем бекеттерінен көрінеді. Ауырған адам әуелі осы мамандарға қоңырау шалады. Қазіргі қолданыстағы көліктердің көбі ескі, совет өкіметі кезінен қалған «УАЗ» маркалары. Ал жаңалары дәрігер мен мейірбикеге онша ыңғайлы емес. Сондықтан біз облыс әкімдігінің қолдауымен Семейдегі «СемАЗ» зауытынан үш түрлі қызмет көрсететін 150-дей көлік сатып алмақпыз. Біріншісі реанимациялық көмек көрсете алады. Оның ішінде дәрігерлер түрегеп қызмет ете береді. Екіншісі жаңа платформадағы Газельдер. Үшіншісі ауылды жерге арналған төрт дөңгелегі де тартатын көліктер.

Енді бізде көлік неге жетіспей жатыр деген сұраққа ойыссақ. Мәселе науқастардың категорияларына келіп тіреледі. Көп жағдайда созылмалы ауруы бар науқастар емханаларға барып емделмей, ауырсынып қалған кейбір кездерде ғана жедел жәрдем шақырып ала қояды. Өзімізге белгілі ақпаратқа сүйенсек, шақырту осындай науқастардан көп түседі. Сондықтан бір, екі және үшінші категориялы науқастарға баруға тиісті бригадалар амалсыз басқа жаққа кетіп, үлгермей жатады.

Ал еңбекақы жөнінде айтарым біреу. Еңбекақы мемлекет тарапынан бекітіледі. Біз бір маманға жүз теңге беріп, келбеті ұнаған келесі маманға 200 теңге ұсына алмаймыз. Қазір одан шығар бір жолды қарастырып жатырмыз. Мәселен, жеке кәсіпкерлер мен мемлекеттік емес мекемелер өздері әртүрлі іс-шара ұйымдастырғанда бізді ақы төлеп шақырса дейміз. Иә, халық жиналатын кез келген шарада қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жедел-жәрдем қызметкерлері болуға тиіс. Ал осындай істен түскен қаражаттың белгілі пайызы дәрігерлердің айлығына қосылып отырады.

Сұхбатты ықшамдап жазып алған - Тасқын Болатұлы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу