Нұрлан Құрғамбаев: "Таңдау жасаңыз – әрқайсымыздың дауысымыз маңызды"
Бесқарағай ауданының Еңбек ардагері Нұрлан Құрғамбаев алдағы жалпыхалықтық референдумға қатысты пікір білдірді.
– Үш жыл бұрын қызметке кіріскен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік маңызды бар мәселелерді шешуде халықтың пікірі ескерілетінін мәлімдеді. 27 жыл ішінде алғаш рет жалпыұлттық референдум өтеді. Қазақстан Республикасының Конституциясына түзетулер мен толықтырулар енгізу арқылы жаңа Қазақстан құруға мүмкіндік туып тұр. Әлбетте, бұған дейін де Конституцияға 5 рет өзгерістер енгізілді. Бірақ өзгерісті үнемі Президенттің ұсынысы бойынша Парламент енгізіп келді. Енді алдағы референдумда Конституцияға 33 түзету мен толықтыруды халық енгізеді. Конституциялық түзетулер мен толықтырулар жобасы азаматтардың сұраныстарына негізделген және біздің мүдделеріміз үшін жүзеге асырылады. Мен аға буын өкілі ретінде барлық Бесқарағай тұрғындарын референдумға белсенді қатысуға шақырамын. Таңдау жасаңыздар. Бұл жолғы таңдау біздің балаларымыз бен немерелеріміздің болашағына тікелей әсер етпек. Жаңа Қазақстанның қандай болатыны сіз бен бізге байланысты – де Еңбек ардагері Нұрлан Құрғамбаев.