ШҚО баспана қажеттілігі бойынша республикада бесінші орында тұр
Семейге келген министрлер қауымы тұрғын үймен қамту, халыққа қолжетімді баспана мәселесін де қызу талқыға салды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Көп балалылар қатарынан 906 отбасы ШҚО-да баспаға зәру. 2025 жылға дейін бұндай отбасыларға жеңілдікпен 2 пайыздық несиемен пәтер беріледі не болмаса өмір бақи жалға алып тұру үшін баспаналар берілуі туралы, екі түрлі нұсқадағы үлгісі бар бағдарлама бекітілген екен.
Айта кету керек, Қазақстанда қазіргі уақытта тұрғын үй құрылысы қарқын алып отыр. Бір ғана Семейдегі Қарағайлы ауданында 25 көппәтерлі үй салынып, жақын аралықта пайдалануға берілмек. Алдағы уақытта бұл жерде 100 көппәтерлі үй салынбақ.
ҚР Инвестиция және Даму министрлігінің тұрғын үй коммуналды шаруашылық және құрылыс жөніндегі Комитет төрағасы Мархабат Жайымбетовтың айтуынша, қалай десек те, жаңа пәтерге кез келгеннің қолы тез арада жете бермейтіні анық. Әсіресе, жалғыз басты аналар, көп балалы отбасылар және мүгедек баласы бар отбасылар баспанаға зәру. Ең алдымен соларға жайдай жасау қажет.
Мархабат Жайымбетовтың айтуынша, 2019 жылы Қазақстан бойынша арендалық төлем, яғни жалға беру арқылы 20 563 пәтер берілсе, оның 1 323 пәтері ШҚО еншісінде. Шығыс өңір баспана қажеттілігінен Қазақстан бойынша бесінші орында тұр. Жеңілдетілген несие және арендалық жалға сұраныстан, яғни баспанаға қажеттіліктен бірінші орында Қостанай облысы тұр. Олардың сұранысы 4 246 пәтер, Атырау-2 358 пәтер, Түркістан-1 736 пәтер сұраса және Батыс Қазақстан облысы-1 443 пәтерге өтініш берген.
2025 жылға дейін жеңілдетілген несие және жалға беру бойынша Қазақстанда 40 мың отбасыны баспанамен қамту көзделген. Бұл үшін республикалық бюджеттен жыл сайын 50 млрд теңге бөлінеді екен. Оның 20 млрд теңгесі 2 пайыздық несиемен 20 жылға дейін ипотекамен берілмек. Ал қалған 30 млрд теңгесі көп балалы отбасларды баспанамен қамтуға арналады.