ШҚО-да ауыл әкімі қызметкерлерден ақша жинағаны үшін жұмыстан қуылды
ШҚО-ның аудандарының бірінде ауыл әкімі қызметтік лауазымын пайдаланып, жұмысшыларынан ақша жинаған, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен брифингте айтылды.
Өткен жылдың желтоқсан айында Алтай ауданына қарайтын Октябрьский кенті әкімінің қаулысымен оның аппаратының жұмысшыларына 20 000 мөлшерінде сыйақы аударылған екен. Алайда әкім ұжымын шақырып алып, алған сыйақыны мерекелік іс-шара ұйымдастыруға және басқа да әкімшілік шығындарға жұмсау үшін өткізу қажет екенін айтады. Ақша өткізуден бас тартқандарға келесі жолы сыйақы берілмейтіндігін және жұмысында жайсыздыққа тап болатындарын айтып, қоқан-лоқы көрсетеді.
Қазір Алтай ауданы әкімінің қалуысымен ауыл әкімі өз лауазымынан босатылды.
Айта кетсек, жыл басынан бері Әдеп бойынша кеңес отырысының қорытындылары бойынша барлығы 62 лауазымдық тұлға жауапқа тартылып отыр.