KZ
Өскемен
+18°
пасмурно жел 3 м/с, З
478.96 533.03 5.22

Биыл гранттар сұранысқа ие мамандықтар бойынша ғана берілетін болады

12.03.2019, 09:45 104

Келешек мамандықты таңдау оңай емес, бұл бағытта кез келген оқушыға кәсіби көмек қажет. Осыған орай өңірде облыс әкімінің тапсырмасына сай «Білікті маман» бағдарламасы әзірленіп, іске асырылуда, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Өмір бойы атқаратын кәсібін дұрыс таңдаған адам өмірде мол табыстарға жетеді, ал бір адамның жеңісі – бүкіл қоғамның жетістігі. Сол себепті болашақ мамандықты таңдауда балаларға ерте жастан көмектесу керек.


– Қоғамда кейбір саланың мамандары тым көп те, керісінше келесі бір салада олар жетіспей жатады. Сондықтан ерте жастан баланың қабілетін, бейімін, қандай кәсіпке икемі барын анықтап, сол бағытта дамытқан жөн. Өзі сүйген мамандығын таңдаған жас ертең оқуда да озаттар қатарынан табылмақ, – деді осы ретте облыс әкімі Даниал Ахметов.
Мектеп оқушыларына мамандықты дұрыс таңдату және елімізде сұранысы жоғары жұмысшы мамандықтарды барынша жан-жақты насихаттау мақсатында осы оқу жылынан бері өңірдегі университеттерде даярлық курстары ұйымдастырылған-ды.


Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Байжанованың айтуынша, ол курстарда 1589 бала оқып жатыр. Ал ауыл оқушылары үшін «Пайдалы каникул» атты даярлық курстары өтіп жүр. Көктемгі демалыс кезінде, яғни наурыздың 26-сынан 31-іне дейін аталмыш курстардың үшінші кезеңі жүреді. Осылайша қосымша тағы 1412 бала дайындықпен қамтылмақ.


Өңірде кәсіптік бағдар беру бағытында қолға алынған тағы бір тиімді шара «Стенд-моб» деп аталады. Барлық аудан-қаланы қамтыған акцияға 90 мектептен 10 мыңнан астам 7-11 сынып оқушысы және 1200-дей жұмыссыз жас, екі мың ата-ана қатысыпты.


Мұнымен қоса, кәсіпкерлер палатасымен бірлесе облыс мектептері мен барлық колледждерінде 122 кәсіптік бағдарлау кабинеті ашылған.


Ал жоғары оқу орындары болса өз тараптарынан болашақ түлектер үшін ақпарат турлары, консультациялар, экскурсиялар, сынама тестілеу, пәндік олимпиадалар, көшпелі дәрістер секілді алуан түрлі іс-шараларды қолға алған. Бүгінге шекті осындай шараларға 8 мыңға жуық мектеп оқушысы қатысыпты.


Басқарма өкілі берген мәліметтерге сәйкес облыстағы келешек мектеп түлектерінің 6399-ы (75,3 пайызы) елдегі жоғары оқу орындарына, 1389-ы (16,3 пайызы) отандық колледжерге, 535-і (6,3 пайызы) Ресей университеттеріне және 79-ы (0,9 пайызы) шетелдік оқу орындарына түсуді көздеп отыр. Ал қалған оқушылар әскер қатарында қызмет етуді, не болмаса қысқаша курстардан өтіп, еңбек етуді жоспарлауда.


Атап өтерлігі, биыл облыстың 669 түлегі «Алтын белгіге» үміткер болып отыр. Ал 534-і үздік аттестат алудан дәмелі.


Егер 2017 жылы жергілікті қазына есебінен жоғары білім алуға 200 грант бөлінсе, биыл олар екі есеге артып, 400-ге жетпек. Гранттар сұранысқа ие мамандықтар бойынша ғана берілетін болады.


Сала мамандарының пкірінше, осы бір шаралар оң нәтиже беруде. Біріншіден, өңірлік университет түлектерінің жұмыспен қамтылу көрсеткіші жақсарып, былтыр 90,1 пайызға жетті. Екіншіден, жоғары білім алуға деген қолжетімділік артты. 2017 жылы облыстағы мектеп түлектерінің 48 пайызы грант иеленсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 56 пайызға өскен. Ал ең бастысы шетелдік жоғары оқу орындарына кетуші түлектер саны азайды. Бұл ретте сөз көршілес Ресей облыстарында орналасқан сапасыз университеттер жайында болып отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив