Тайқазанның дәлме-дәл көшірмесін жасап жүрген үржарлық шебер
Алты ғасырлық тарихы бар алып Тайқазанның дәлме-дәл көшірмесін жасап жүрген шебер Самат Құнанбаев деген азамат. Бүгінде ол жасаған алып Тайқазандар еліміздің басты орындарының көркін кіргізіп тұрғанын мақтанышпен айтуға болады. Мәселен, жерлесіміз жасаған тайқазан Астанадағы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың резиденциясының, Ақтаудағы «Тайқазан» мейрамханасының ажарын ашып тұр.Үлкендігі дүниежүзінде Гераттағы тайқазаннан кейін екінші орын алатын бұл жәдігеріміздің түпнұсқасы, өздеріңізге мәлім, Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде тұр. 1935 жылы бұл тайқазанды Санкт-Петербургтегі Эрмитажға, Иран шеберлерінің III халықаралық конференциясына алып кетеді. Елу жылдан астам уақыт сол жерде тұрып 1989 жылы, қыркүйектің 18 жұлдызында ғана елімізге қайтарылды. Ал енді осындай үлкен істі жүрегі дауалап жасап жүрген жігіт кім, қай жердің тумасы, деген сауал көпшілігімізді қызықтыратыны рас. Самат Жамбылұлы Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында туып-өскен.
-Қасиетті тайқазанның дәлме-дәл көшірмесін жасау идеясы маған бірден келген жоқ. Әлі есімде, 1989 жылы Санк-Петербург қаласынан бұл жәдігерімізді Ресей Үкіметінің келісімімен алып келу барысын қазақ баспасөзі жарыса жазып, ерекше бір эйфориямен қарсы алдық емес пе. Елмен бірге менің де өзгеше толқығаным рас. Арада көп жылдар өткен соң осынау қасиетті ыдыстың көшірмесін Астана қаласында жасаймын деген ой, әлбетте, ол кезде келген жоқ,-дейді ол.
Негізі, Саматтың он саусағынан өнер тамған зергер екенін екінің бірі біле бермейді. Ол соққан қазақ халқының әшекей бұйымдарын көрген жан таңғалады. Мына суреттегі салпыншақ сырғалар мен алқалар, ою -өрнекті, меруерт тастары көздің жауын алардай білезіктер мен жүзіктер, қапсырма мен сақина секілді зергерлік бұйымдар жерлесіміз Самат Жамбылұлының қолынан шыққан.
Берікхан Тайжігіт