Семей қаласында Наурыз мерекесінде қалалықтардың көзқуанышына айналған, жасалуына 4,9 млн. теңге жұмсалған Тайқазан қайта жөндеуді талап етеді. Қазанның өрнектеп соғылған құлақтары сынған, сыртының қаптамасы жыртылған, астындағы тұғыры да отырып бара жатыр, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
«Ыдыстың құлақтарын мереке күні-ақ қалалықтар бақыт үшін деп тиын лақтырған кезде сындырып тастаған. Біз полицияға хабарлаған жоқпыз. Қазанды жасаған фирма барлық сынықтарын жөндеп, қалпына келтіріп береді. Жаңасы бұрынғысынан әлдеқайда берік әрі биік болмақ» деп түсіндірді Семей қалалық сәулет бөлімінің мамандары.
Қазір Семей басшылары тайқазанның үнемі тұратын жерін белгілеп жатыр. Алдымен оны өлкетану мұражайына немесе драма театрының фойесіне қою туралы ұсыныстар болған. Алайда ыдыс екі ғимараттың да есіктерінен өтпейді екен.
«Біз оны осы орталық алаңда қалдыратын шығармыз. Тек Абай көшесіне жақынырақ орнатамыз» деді сәулет бөлімінде.