Жолдарда көліктің көлемін өлшеу автоматтандырылады

Қазақстанның жолдарында көліктің көлемін өлшеу автоматтандырылады.
Жолдарда көлік құралдарының салмағы мен сыртқы көлемін өлшеу автоматтандырылған стансалар арқылы жүзеге асыру көзделген, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Парламент Сенатының жалпы отырысында айтты.
Депутаттардың назарына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік және жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы бірінші және екінші оқылымда ұсынылды. Бұл заң жобасы жолдардағы көліктерді бақылауды автоматтандыруға, теңіз көлігі саласындағы халықаралық шарттардың нормаларын іске асыруға, теміржол көлігіндегі оқиғаларды және кемелердің қатысуымен орын алатын жағдайларды тергеуді жетілдіруге, сондай-ақ еліміздің аталған бағыттағы заңнамасын Халықаралық азаматтық авиация ұйымы мен Еуропалық одақтың авиациялық талаптарымен сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
Бұл шараларды іске асыру автожолдардың сапасын ұзақ сақтауға, сонымен бірге жолдардағы бақылау процесіндегі адами факторды болдырмауға септігін тигізеді деп болжануда.