KZ
Өскемен
+11°
пасмурно жел 4 м/с, СБ
518.57 566.59 6.05

Алтайда жұмысшы мамандықтарының өңір дамуы үшін маңызы талқыланды

4.04.2025, 09:00 151 Төлеуғазы Жансая

Алтай технологиялық колледжінде студенттер, түлектер және оқытушылардың қатысуымен жұмысшы мамандықтарының өңір экономикасындағы рөліне арналған кездесу өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бүгінде жастар мамандық таңдағанда оның беделі мен танымалдығына көбірек мән беріп, еңбек нарығындағы нақты сұранысты ескере бермейді. Алайда өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы білікті жұмысшы кадрларсыз мүмкін емес. Кездесуде Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарова жұмысшы мамандықтары әрдайым сұранысқа ие екенін атап өтті.

– Тек беделге ұмтылмай, қай дағдылардың шын мәнінде қажет екенін түсіну маңызды. Жұмысшы мамандықтары – тұрақтылық пен мансаптық өсу кепілі. Болашақ мамандықты таңдағанда осы факторлар мен Қазақстандағы еңбек нарығының қажеттілігін ескеру керек, – деді ол.

Алтай, Серебрянск қалаларындағы және ауыл шаруашылығы колледждерінде түлектердің бірден жұмысқа кірісуіне мүмкіндік беретін мамандар даярланады. Оқу барысында мемлекеттік бағдарламалар мен мансаптық орталықтардың қолдауымен студенттерге тегін білім алу мүмкіндігі қарастырылған.

Алтай ауданы Мансап орталығының директоры Берікжан Бекбусиновтың айтуынша, көптеген түлектер оқу кезінде-ақ жұмыс табады, осы тұста өңір кәсіпорындары жас мамандарға мұқтаж екенін дәлелдеп отыр.

– Жұмысшы мамандықтарынсыз экономика дұрыс дамымайды. Инженерлер, технологтар, механиктер, құрылысшылар мен агрономдар – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылымның алға жылжуына үлес қосатын негізгі мамандар, – деді орталық директоры. 

Мұндай кездесулер жастарға табысты мансап тек дипломға емес, тәжірибелік дағдыларға да байланысты екенін түсінуге көмектеседі. Өңірдегі колледждер еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлап, түлектерге кең мүмкіндіктер ашуда.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу