ШҚО-да пәтерге оқ жаудырған тұрғын ұсталды
Көпқабатты үйдегі көршісінің пәтеріне оқ атқан тұрғын ұсталды.
Оқиға Алтай қаласында болған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Қала тұрғыны полицияға белгісіз біреу оқ атып, пәтерінің терезесін қиратқанын мәлімдеген. Тәртіп сақшылары аталған мекенжайға келіп, оқ атқан адамды анықтаған. 23 жастағы тұрғынды тінту кезінде аңшы мылтығы мен оқ-дәрі тәркіленді.
«Сол күні ұсталған азамат жоғары қабатта тұратын көршісімен ұрсысып қалған. Содан кейін мылтық алып шығып, сол терезеге оқ атпақ болған, алайда мүлт кеткен. Қазір Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», - деп мәлімдеді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.